Германия АҚШ пен Ұлыбританияға қарсы тыңшылық жасай бастамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германия Үкіметі АҚШ пен Ұлыбритания тыңшыларының қызметін жіті бақылауға алмақ, деп хабарлайды lenta.ru Deutsche Welle-ге сілтеме жасай отырып. Сайттың мәліметінше, мұндай шешім жуырда ГФР-дағы америкалық арнайы қызмет тыңшыларына байланысты орын алған жанжалға негізделіп отыр.

Германия АҚШ пен Ұлыбританияға қарсы тыңшылық жасай бастамақ

Британдық The Independent газетінің жазуынша, аталмыш бұйрықты ГФР канцлері Ангела Меркель берген. Басылымның мәліметтері бойынша, тыңшылық қара тізімге ілінген тыңшыларға қарсы ғана емес, сонымен қатар, шетелдік елшіліктердің электронды хаттары мен телефон арқылы сөйлесулеріне де жүргізіледі. Германияның Frankfurter Allgemeine Zeitung газетіне берген сұхбатында Конституцияны қорғау Федералды ведомствосының басшысы Ханс-Георг Маасен Берлиннің сондай-ақ одақтас елдердің тыңшылығына қарсы шаралар да қолданатынын мәлімдеген. Сонымен қатар, оның айтуынша, Германия Үкіметі АҚШ тарапынан жасалып отырған тыңшылыққа бұдан әрі төзіп отыра бермейді. «Шыдамның де шегі бар. ГФР-да мәлімет жинап және ақпарат берушілерді жалдай отырып, америкалық арнайы қызмет өкілдері біздің заңдарымызды өрескел бұзуда», - дейді Х. Маасен. Айта кетейік, биылғы шілде айында Германияда екі бірдей жансыз әшкереленді. Олар америкалық арнайы қызметтермен әріптес болған деп айыпталуда. Олардың бірі ішкі алман барлауында қызмет етсе, екіншісі ГФР-дің қорғаныс саласында еңбек еткен болып шықты.