Германия әскеріндегі әйелдердің 75%-ы жыныстық қысымға тап болған
АСТАНА. KAZINFORM – Германия Қарулы күштерінің болашақ басшысы, Бундесвердің жаңа бас инспекторы Кристиан Фройдинг әскердегі жыныстық сипаттағы қысым көрсету әрекеттеріне қарсы күресті күшейтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
Кристиан Фройдинг бұл туралы Bild am Sonntag апталығына берген сұхбатында айтты.
Жақында жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, Бундесверде қызмет ететін әйелдердің 75%-ы және ер әскери қызметшілердің 35%-ы кемінде бір рет жыныстық сипаттағы тиісуге немесе қысым көрсетуге тап болған.
Фройдинг зерттеу нәтижелерін «төзгісіз жағдай» деп бағалап, мұндай әрекеттерге қатаң тосқауыл қою қажеттігін атап өтті.
– Мұндай жағдайлар анықталған жерде оларға аяусыз тосқауыл қоюымыз керек. Менің Бундесверім мұндай емес. Жекелеген адамдардың орынсыз әрекеттерінен бүкіл қарулы күштердің беделіне нұқсан келуі төзгісіз жағдай, – деді ол.
Фройдингтің айтуынша, өзі де әскери ортада осындай жағдайларға куә болған.
– Мен сөзбен тиісу жағдайларын кездестірдім. Бірақ бір немесе бірнеше адамның бірден араласып, «Тоқта, бұлай жасауға болмайды! Біздің ортамызда мұндайға жол жоқ!» деп тоқтатқанын да бірнеше рет көрдім, – деді ол.
Генерал-лейтенант мұндай әрекетке куә болған әрбір әскери қызметші дереу араласуға міндетті екенін айтты.
Қазіргі уақытта Бундесвердің құрлық әскерлерінің инспекторы қызметін атқарып отырған Фройдинг қарулы күштердегі басқару мәдениетін өзгерту қажет деп есептейді.
Оның пікірінше, мұндай оқиғалар әскердің жауынгерлік қабілетіне де әсер етеді.
– Басқару мәдениетін үздіксіз жетілдіруге бәріміз, әсіресе әскери басшылар жауаптымыз, – деді Фройдинг.
Ол әскери ортадағы қарым-қатынас өзара құрметке негізделуі тиіс екенін атап өтті. Өйткені жауынгерлік жолдастық пен сенім әскердің табысты әрекет етуінің басты шарттарының бірі саналады.
– Біз, әскери қызметшілер, жауынгерлік жолдастық бар жерде ғана ұрыста табысқа жете алатынымызды білеміз, – деді ол.
Сонымен қатар Фройдинг әскери қызметшілерден түсетін шағымдарды қарау мерзімін қысқартуға уәде берді.
– Мұндай істердің әлдеқайда жылдам қаралуына ерекше назар аударуымыз керек. Кейде іске қатысы бар адамдар оның заңды түрде түпкілікті шешілуін төзгісіз ұзақ уақыт күтеді, – деді генерал-лейтенант.
Оның айтуынша, Бундесвер қолданыстағы тәртіптік шараларды толық көлемде пайдалануы қажет.
Айта кетейік, бұған дейін Германияда әскери қызметтен бас тартқандар саны күрт өскені хабарланған еді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 12 102 адам әскери қызметтен бас тарту туралы өтініш берген. Бұл 2025 жылғы жалпы көрсеткіштен үш еседен астам көп.