Германия азаматтық беру рекордын жаңартты: сириялықтар мен түріктер көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы Германия азаматтығын 332,5 мың шетелдік алған. Бұл – 2000 жылдан бері статистика жүргізіле бастағалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды BILD.
Германия азаматтығын алғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 40,5 мың адамға артқан.
Германия федералдық статистика басқармасының деректеріне сәйкес, бақылау жүргізіле бастағаннан бері алғаш рет бір жыл ішінде азаматтық алғандар саны 300 мыңнан асты.
Жаңа азаматтардың ең үлкен тобын бұрынғыша Сириядан келгендер құрайды. 2025 жылы Германия төлқұжатын 65,6 мың сириялық алған, бұл барлық натурализацияланған азаматтардың шамамен 20 пайызына тең. Алайда бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 21 пайызға төмен болған.
Екінші орында Түркия азаматтары тұр. Германия азаматтығын 34,1 мың түрік алған, бұл елдің жаңа азаматтарының шамамен 10 пайызы.
Ресейден шыққан азаматтар арасында да айтарлықтай өсім тіркелді. Бір жыл ішінде Германия азаматтығын 19,7 мың ресейлік алған. Олардың үлесі барлық натурализацияланған азаматтардың 6 пайызына жеткен. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 51 пайызға жоғары.
Сондай-ақ Германия азаматтығын алған АҚШ азаматтарының саны екі еседен астам өскен. 2025 жылы Германия төлқұжатын 6,6 мың америкалық иеленген.
Бұған дейін Германияда азаматтық алу талаптары күшейтілуі мүмкін екені хабарланды.