Германия Египетке қаржылық көмекті қысқартады
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Германия Египетке осы араб елінде азаматтық жанжал шиеленісуіне байланысты қаржылық көмекті қысқартпақ.
Бұл туралы РБК хабарлады.
Неміс үкіметінің шешімі туралы ГФР канцлері Ангела Меркель Франция президенті Франсуа Олландпен телефон арқылы әңгімесінен кейін жариялады.
А.Меркель бүкіл Еуроодақ осындай қадам жасауы қажет деп санайды. Сонымен бірге А.Меркель мен Ф.Олланд Египеттегі қантөгісті тоқтатуды талап етті және жанжалға қатысушы тараптарды диалогқа шақырды.
Өз кезегінде ГФР-дің экономикалық ынтымақтастық және даму жөніндегі министрі Дирк Нибель жүзеге асыруға 25 млн. еуро көлемінде бюджет қаржысы көзделген климатты және қоршаған ортаны қорғау ісіндегі ынтымақтастықтың неміс-египет бағдарламасы мерзімінен бұрын тоқтатылатынын жариялады.
Осы шешім нәтижесінде босатылған 15 млн. қаржыны Берлин Иорданиядағы сириялық босқындарды қолдауға бағыттайды, деді Д.Нибель.
Сонымен бірге ол Германия сумен және электрмен қамту саласындағы бірлескен жобаларды, сондай-ақ Египеттегі демократия мен адам құқықтарын нығайтуға бағытталған жобаларды қаржыландыру ды жалғастыратынын мәлімдеді. 2012 жылы министрлік бұл мақсаттарға 100 млн. еуро бөлді.