Германия халқы темекіні аз тартып, ішімдік ішуді азайтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германия тұрғындары 2022 жылы темекі өнімдеріне 27,1 млрд еуро жұмсаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,7 пайызға аз. Бұл туралы Германия тәуелділікпен күрес басқармасының (Deutsche Hauptstelle für Suchtfragen) жыл сайынғы баяндамасында айтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат DW агенттігіне сілтеме жасап.

Германия халқы темекіні аз тартып, ішімдік ішуді азайтты
Фото: dw.com

Бүгінде Германияда әйелдердің 16% және ерлердің 22% темекі шегеді - бұл көрсеткіш жылдан жылға азайып келеді.

Тұтынылатын алкоголь мөлшері де біршама азайды, бірақ қауіпті аймақта қалып отыр.

Германияда 7,9 млн-ға жуық адам (яғни әрбір оныншы дерлік) денсаулығына қауіп төндіретін алкогольді, яғни күніне кем дегенде бір немесе екі бөтелке сыра ішеді.

«Бұл орташа әлемдік деңгейден жоғары» деп ескертеді ұйым.

Алкогольден бас тарту әйелдерге орта есеппен 16 жылға, ал ерлерге 10 жылға көп өмір сүруге мүмкіндік береді, делінген сарапшылар есебінде.