Германия халқының төрттен бір бөлігі - шеттен көшіп келгендер

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Германияда басқа мемлекеттерден қоныс аударған халықтың саны 19,3 миллионға жетті, бұл - елдегі бүкіл халықтың 23,6 пайызы, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Германия халқының төрттен бір бөлігі - шеттен көшіп келгендер

Мұндай мәліметті ГФР федералды статистикалық бюросы таратты.

«2017 жылы Германияда тұратын 19,3 миллионға жуық адамның шеттен келгені немесе бір кездері көшіп келгендердің ұрпағы екені анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға көп», - деп атап өтті ведомстводағылар.

Неміс статистерінің айтуынша, белгілі бір адам немесе оның ата-анасының біреуі болса да, Германия азаматтығымен туылмаған болса, ол «шеттен көшіп келгендер» қатарына жатады. Дегенмен, осы аталған халықтың 51 пайызы осы уақытқа дейін Германияның төлқұжатын алып үлгерген.

«Шеттен келгендер» тобына жататын жалпы халықтың 2,8 миллионының ата тегі - түрік, 2,1 миллион адамның ата тегі - поляктар. Ресейден 1,4 млн адам көшіп келсе, Қазақстаннан қоныс аударған халықтың саны - 1,2 миллион.