Германия мигранттарға арналған неміс тілі емтиханының талаптарын қатаңдатады
АСТАНА. KAZINFORM – Германия Ішкі істер министрі Александер Добриндт интеграциялық курстар аяқталғаннан кейін тапсырылатын неміс тілінен емтиханның (Deutsch-Test für Zuwanderer – DTZ) талаптарын қатаңдатпақ. Бұл туралы DW басылымы жазды.
Жаңа тәртіп 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енуге тиіс. Ведомство бұл өзгерісті тіл емтиханын тапсыру кезінде алаяқтық әрекеттердің жиілеуімен байланыстырады.
Емтихандағы бір тапсырма үнемі орындалмайды
Германияның Ішкі істер министрлігі интеграциялық курстарға қатысушылардың кейбірі интернеттен емтихан тапсырмалары мен олардың дұрыс жауаптарын заңсыз сатып алған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Әңгіме, атап айтқанда, жазбаша емтихан бөлімдерінің бірі туралы болып отыр. Бұл бөлімде үміткерлер қысқа хабарламаларды тыңдап, оқып, содан кейін ұсынылған жауаптардың ішінен дұрысын таңдап, сұрақтарға жауап беруі керек.
Сонымен қатар емтихан кезінде шағын көлемдегі жартылай ресми хат жазу қажет. Мысалы, қандай да бір мемлекеттік мекемеге өтініш жолдау, үй иесіне шағым жазу немесе мектепке түсініктеме беру талап етіледі. Алайда Ішкі істер министрлігінің назар аударуынша, қатысушылар осы тапсырманы жиі орындамайды, яғни мүлдем өткізіп жібереді.
Соған қарамастан, үміткерлер тест сұрақтарына қатесіз дерлік жауап беруі мүмкін. Мұндай жағдайда, егер олар алдыңғы тапсырмаларды жақсы орындап, ауызша сөйлеу бойынша В1 деңгейіне қажетті білімін көрсетсе, емтихан тапсырылды деп есептеліп келген.
Алайда Bild басылымының жазуынша, қараша айынан бастап емтиханның кез келген бөлімі тиісті деңгейде орындалмаса, DTZ сынағы тапсырылды деп саналмайды.
Жаңа талаптың мақсаты – алаяқтық схемалардың жолын кесу. Емтихан тапсырмалары әр жолы жаңадан құрастырылғанымен, мұндай заңсыз әрекеттер тіркелген. Бұған дейін Германияның WDR медиа компаниясы тест сұрақтарының дұрыс жауаптары интернетте сатылған жағдайлар туралы хабарлаған.
Атап айтқанда, бір оқиғада Telegram тобынан емтихан тапсырмалары мен олардың жауаптары 250 еуроға сатып алынғаны айтылған. Германияның Ішкі істер министрлігі бұл өзгерісті қажетті шара деп санайды. Өйткені неміс тілінде мәтін құрастырып, хат алмасу қабілеті қоғамға сәтті кірігуге және күнделікті мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік беретін маңызды шарттардың бірі.
Мемлекеттік шығындарды қысқарту және бақылауды күшейту
Бұған дейін Германия үкіметі интеграциялық курстарға жұмсалатын шығындарды қысқарту туралы шешім қабылдаған. Berliner Zeitung басылымының мәліметінше, енді бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 600 млн еуро бөлінеді. Бұған дейін қаржыландыру көлемі 1,3 млрд еуроны құраған.
Сонымен қатар мемлекет қаржыландыратын интеграциялық курстарға баспана сұраушылар (Asylbewerber) мен басқа да кейбір топтардың қатысуына енді рұқсат берілмейді. Оларға ауқымды интеграциялық курстардың орнына бастапқы таныстыру курстары ұсынылады. Бұл курстарда тіл үйретіліп, елдің қоғамдық-саяси құрылымы қарапайым деңгейде түсіндіріледі.
Сонымен бірге интеграциялық курстар мигранттардың жаңа ортаға бейімделуінің маңызды тетігі саналады. Қазіргі форматта олар неміс тілін үйренуге арналған 600 оқу сағатын және шетелдіктерді Германияның тарихымен, мәдениетімен, саясатымен әрі заңдарымен таныстыратын 100 сағаттық бағдарлау курсын (Orientierungskurs) қамтиды.
Интеграциялық курстардағы тіл емтиханы қалай өтеді?
DTZ емтиханы неміс тілін меңгеру деңгейін үш бағыт бойынша бағалайды: тыңдалым мен оқылым, жазылым және ауызша қарым-қатынас. Ол Еуропа Кеңесі әзірлеген шет тілін меңгеру деңгейін бағалаудың халықаралық жүйесі – Тілдерді меңгерудің жалпы еуропалық құзыреттер жүйесіне (Common European Framework of Reference for Languages) сәйкес А2 немесе В1 деңгейін растайды.
Бұл емтихан интеграциялық курсты аяқтағаны туралы сертификат алу үшін міндетті. Оның нәтижесі Германияда тұруға ықтиярхат пен азаматтық алуға да әсер етеді.
2025 жылы Германияда DTZ емтиханын шамамен 318 550 адам тапсырған. Олардың 55%-ы В1 деңгейін, ал 32%-ы А2 деңгейін растаған.
Тіл емтиханына енгізілген өзгеріс мемлекет ұсынатын интеграциялық курстардың сапасын арттыруға бағытталған жалғыз шара емес. Германияның Көші-қон және босқындар жөніндегі федералдық ведомствосы (BAMF), соның ішінде, ауызша және жазбаша емтихандардың бір күнде өткізілуін бұған дейін де талап етіп келген.
Еске сала кетсек, бұған дейін Германия балалардың зейнетақы шотына ай сайын 10 еуродан аударатынын хабарладық.