Германия Түркиядағы әуе және зымыранға қарсы қорғаныс миссиясын ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM — Германия НАТО миссиясы аясында Түркияда «Patriot» әуе қорғаныс жүйесін қолдану мерзімін 2027 жылғы сәуірге дейін ұзартты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Биыл маусым айында Германияның «Patriot» әуе қорғаныс бөлімшесі Түркияның Малатья қаласына орналастырылған болатын. Енді неміс әскери қызметшілері бұл елде 2027 жылғы сәуірге дейін қызмет етеді. Бөлімше құрамында Бундесвердің 150-ге жуық әскери қызметшісі бар.
НАТО жанындағы Германия өкілдерінің мәлімдеуінше, бөлімше ұйымның әуе кеңістігін қорғау және зымыран шабуылына қарсы қорғанысын күшейтуге үлес қосып отыр. Бастапқы жоспар бойынша неміс әскери қызметшілері Түркияда 2026 жылғы қыркүйекке дейін қалуға тиіс еді.
«Patriot» жүйесі Иран қатысқан қақтығысқа байланысты НАТО-ның зымыран шабуылдарынан қорғанысын күшейту үшін Түркияға орналастырылды. Германия әскери қызметшілері оны елдің шығысында НАТО-ның әуе қорғаныс құрылымының құрамында пайдаланып отыр.
«Patriot» — ұшақтарды, қанатты зымырандарды және баллистикалық зымырандардың кейбір түрлерін анықтап, олардың жолын кесуге арналған америкалық әуе қорғаныс жүйесі.
Бұған дейін Иранның Түркияға «зымыран шабуылдарын» тексеру үшін бірлескен топ құруды ұсынғаны туралы хабарлаған едік.