Германия журналистері Фергюсонда сөз бостандығы бұзылғанын хабарлады
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та жаппай тәртіпсіздік орын алған Фергюсон қаласында Германия журналистері ұсталды. Кейін босап шыққан неміс тілшілері негізсіз қамалғандарын айтып, сөз бостандығы бұзылғанын мәлімдеді, деп жазады Росбалт.
DPA агенттігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, ұсталған неміс журналистері Ансгар Грав және Франк Херрман тілші ретінде Фергюсонда болып жатқан жағдай туралы ақпараттар дайындаған. Алайда, полиция көшеде олардың қолын кісендеп, түрмеге қамаған. Неміс тілшілері үш сағаттан кейін босап шығып, болған жағдай туралы мәлімдеме жасады.
Тілшілердің айтуынша, олар полиция талаптарының барлығын орындаса да тәртіп сақшылары қисынға келмейтін айыптар тағып, жазықсыз кінәлаған. «Полиция бізді қорқытып, жұмысымызға кедергі келтіргісі келді» - дейді германиялық тілші.