Германияда 259 көліктің қатысуымен жол апаты орын алды
АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат - Германиядағы күрежолда үлкен апат орын алды - жексенбі күні кеште 259 көлік соғысып қалды. Бұл туралы дүйсенбі күні немістің жаңалықтар телеарналары хабарлады.
Алғашқы апат Берлин мен Ганновердің арасындағы А-2 күрежолында, Хэмервальд елді мекені мен Лерте қаласының арасындағы жол учаскесінде орын алды, ол күні нөсер жауын болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ресейлік «Жаңалықтар» агенттігіне сілтеме жасап.
Осы апаттан кейін жолда келе жатқан машиналар бір-біріне соқтығысқан, бір бөлігі автобаннан шығып кеткен. Апат салдарынан ұзындығы 30 шақырымға жететін кептеліс орын алды.
Төменгі Саксония жерінің полиция өкілінің хабарлауынша, бұл жол апатында 66 адам жараланған. Бұл маңдағы жол учаскесі дүйсенбінің таңертеңіне дейін жабылды, төтенше оқиға орнында 340 құтқарушы жұмыс істеді. Қазір оқиға орнындағы қозғалыс қалпына келді.