Германияда 30 мың босқын жоғалып кетті
Bild басылымының хабарлауынша, олардың босқын мәртебесін беруді сұраған өтінішін Германия билігі қабылдамай, елден шығып кетуі тиіс екенін мәлімдеген.
2016 жылдың желтоқсан айында елден 54 мың адам шығып кетуі тиіс еді, алайда мемлекет 23 мың адамның елден шығуына көмектескен. Ал қалғандарының қайда кеткені белгісіз қалып отыр. Германия ішкі істер министрлігінің мәлімдемесіне қарағанда, олар қазір «бой тасалап отыр» немесе өз бетімен Германиядан шығып кеткен.
2016 жылғы 26 ақпанда Германия үкіметі бір жыл бұрын тіркеуден өткен 130 мың босқынның қайда жүргенінен хабарсыз екенін мәлімдеген болатын. Өйткені тіркелген босқындар мемлекет белгілеген өңірлерге бармаған.
Босқындардың жоғалуына себеп ретінде мамандар өз отандарына оралуы, шекара асып Еуропаның басқа елдеріне кетуі, бейресми босқынға айналуы сияқтыларды көрсетіп отыр.