Германияда әлеуметтік жәрдемақы қысқарып, шетелдіктерге төлемдер азаюы мүмкін

АСТАНА. INFORMSPORT — Германияның Ішкі істер министрі Александер Добриндт «бюргергельд» деп аталатын азаматтық жәрдемақы төлемдері тым жоғары деп есептейді.

Германияда әлеуметтік жәрдемақы қысқарып, шетелдіктерге төлемдер азаюы мүмкін
Фото: BILD

— Өткен заң шығару кезеңінде жәрдемақының базалық мөлшерлемесінің едәуір артуы шығынның айтарлықтай өсуіне алып келді. Қазіргі базалық төлем көлемі тым жоғары деп санаймын, — деді ол. 

Оның айтуынша, жәрдемақы тек ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз етіп, одан аспауы тиіс.

2024 жылдан бастап жалғыз тұратын ересек адам үшін «бюргергельдтің» стандартты мөлшері айына 563 еуро. Жұбайы немесе серіктесі бар адамдарға, сондай-ақ балаларға төленетін мөлшерлеме төменірек. Ең төменгі төлем — бес жасқа дейінгі балалар үшін айына 357 еуро.

Добриндтің айтуынша, қазіргі уақытта Германия жыл сайын «бюргергельдке» 50 миллиард еуро жұмсайды және ол бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткізуді көздеп отыр. Қазір бұл жәрдемақыны шамамен 5,3 миллион адам алады.

Шілде айынан бастап «бюргергельдтің» орнына жаңа базалық әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі енгізіледі. Жәрдемақы алушылар үшін қатаң талап күшіне енеді: егер олар жұмыспен қамту орталықтарымен ынтымақтастық жасамаса, төлемдер бұрынғыға қарағанда ертерек және көбірек қысқартылады.

Бұдан бөлек, «бюргергельд» төлемдерін Еуропалық Одақ азаматтары үшін де қысқарту мәселесі қарастырылуы мүмкін. Мақсат — әсіресе Оңтүстік-Шығыс Еуропадан келген азаматтардың Германияда бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін-ақ жәрдемақы алу құқығына ие болатын жағдайлардың алдын алу.

Сондай-ақ, егер Еуроодақ азаматтарының балалары өздерінің шыққан елінде тұрса, Германияда тұратын ата-аналарға төленетін балалар жәрдемақысын қысқарту мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Қазіргі кезде олар Германияда балаларымен бірге тұратын отбасылармен бірдей көлемде жәрдемақы алады.

Ұсынылып отырған шаралардың мақсаты — әлеуметтік мемлекетті «алаяқтыққа азырақ осал» ету. Алаяқтық схемаларды анықтау үшін мемлекеттік органдар арасындағы цифрлық деректер алмасуды жетілдіру және жасанды интеллектіні пайдалану жоспарланып отыр. 

Айта кетелік Германияның әр үшінші тұрғынының жасы 60-тан асқан.