Германияда Ангела Меркель мінген ұшақтан кәдесыйлар жасалды

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның бұрынғы үкіметтік ұшағы, Ангела Меркель мінген Airbus A340-300 «Конрад Аденауэр» лайнерінің бөлшектерінен кәдесыйлар жасалды. Енді оның алюминий қаптамасынан дайындалған бұйымдарды сатып алуға болады, деп хабарлайды DW.

Ангела Меркельдің ұшағы
Фото: DW

Тарихи ұшақ авиациялық пайдаға жаратылмай, екінші өмірге ие болды. Aviation Upcycling неміс компаниясы лайнердің түпнұсқа алюминий корпусынан брелоктар, багаж жапсырмалары мен бокал қоятын тұғырлар жасап, сатылымға шығарды.

Германияда Ангела Меркель мінген ұшақтан кәдесыйлар жасалды
Фото: DW

Кәдесыйлардың бағасы арзан емес. Өлшемі 9,5 х 9,5 сантиметр болатын бокал тұғыры 89,20 еуро, ал брелок 79,29 еуро тұрады. Бағасына қарамастан, екі өнім түрі де сатылып кеткен. Бұрынғы үкіметтік ұшақтың бір бөлшегіне ие болғысы келетіндер әзірге 34,66 еуродан басталатын багаж жапсырмаларына тапсырыс бере алады.

Алайда лайнердің барлық бөлігі қайта өңдеуге жіберілмеген. Фюзеляждың ұзындығы шамамен 30 метр болатын ең үлкен бөлігі Берлин-Гатов аэродромында музей экспонатына айналады.

Германияда Ангела Меркель мінген ұшақтан кәдесыйлар жасалды
Фото: DW

Келушілер Германияның жоғары лауазымды саясаткерлері пайдаланған ұшақ ішіндегі бөлмелерді көре алады. Олардың қатарында ұшқыштар кабинасы, екі мәжіліс залы және делегация басшысына арналған жеке кабинет бар.

«Конрад Аденауэр» ұшағы 2011 жылдан 2023 жылға дейін Германия үкіметінің қызметінде болған. Осы кезеңде ол елдің канцлерлерін, президенттерін, Бундестаг басшыларын және сыртқы саяси ведомство жетекшілерін тасымалдаған.

Ұшақ қызмет еткен уақыттың едәуір бөлігі Ангела Меркельдің канцлерлігі кезеңіне сәйкес келгендіктен, оған бейресми түрде «Меркель борты» деген атау берілген.

2022 жылғы қарашада Германия Қарулы күштері жаңа Airbus A350-900XWB үкіметтік ұшағын пайдалануға берді. Оған да Германия Федеративтік Республикасының тұңғыш канцлері Конрад Аденауэрдің есімі берілген.

Ал жуырда Германияның қазіргі канцлері Фридрих Мерцтің ұшақ басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.