Германияда аптап ыстық салдарынан ормандар өртеніп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Өрт Потсдам-Миттельмарк ауданындағы Гёрцке муниципалитеті маңында тез таралып, қазір жалын шарпыған аумақ шамамен 100 гектарға жетті. Өрт сөндірушілер сенбіден бері ауа температурасы 40°C-қа жуық ыстықта тілсіз жаумен күресіп жатыр, деп хабарлайды Bild.

Германияда аптап ыстық салдарынан ормандар өртеніп жатыр
Фото: Bild

Төтенше жағдай қызметкерлеріне ауыр техника жүргізетін фермерлер де көмектесіп жатыр. Алайда аптап ыстық пен ұзаққа созылған құрғақшылық өртті сөндіру жұмыстарын едәуір қиындатып, жалынның одан әрі таралу қаупін күшейтіп отыр.

Германияның өзге өңірлерінде де экстремалды ыстық салдарынан орман өрті тіркелді. Рейнланд-Пфальц федералдық жеріндегі Трайзен ауылынан шамамен 650 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

Өрт сөндірушілер бұл жалын ошағына жақындай алмай отыр, өйткені аумақта соғыс кезінен жарылмай қалған оқ-дәрілер бар. Өткен түні бұл маңда бірнеше жарылыс болды.

Бұған дейін Германияда бір күнде екінші рет температура рекорды тіркелгені туралы хабарладық.