Германияда әскери қызметтен бас тартқандар саны күрт өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Funke медиатобының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтарынан тамыз айының соңына дейін Германияның Отбасы және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі федералдық ведомствосына әскери қызметтен бас тарту туралы 12 102 өтініш түскен, деп жазады DW.
Осылайша, олардың саны 2025 жылдың бүкіл көрсеткішінен үш еседен астам асып отыр. Былтыр мұндай 3 879 өтініш тіркелген.
Бұл ретте ведомство өтініштерді қарау кезінде елеулі қиындықтар туындағанын хабарлады. Ведомство өкілінің айтуынша, «дұрыс мекемеге жолданбаған өтініштер өте көп», сондықтан олар «қаралмастан кері қайтарылуы тиіс».
Өтініштер санының күрт өсуіне қауіпсіздік саласындағы шиеленісті жағдай және Бундесверге шақыру жүйесін реформалау туралы 1 қаңтардан бастап күшіне енген заң себеп болды. Құжатқа сәйкес, 2026 жылдан бастап 18 жастағы ер азаматтар Германия қарулы күштеріне қосылуға дайын ба деген сұраққа жауап беретін сауалнаманы толтыруы тиіс.
Жастардың әскери қызметтен алдын ала бас тартатынын мәлімдеуге құқығы бар.
2011 жылы тоқтатылған міндетті әскери қызмет Бундестагтың шешімімен қайтадан ішінара енгізілуі мүмкін. Еріктілер саны қажетті деңгейге жетпеген жағдайда «қажеттілік туындаған кездегі әскери міндет» деп аталатын тетік іске қосылуы жоспарланып отыр.
2035 жылға қарай Германияның әскери қызметтегі азаматтарының санын 186 мыңнан 260 мыңға дейін арттыру көзделген.
Бұған дейін Германияда саяси баспана сұрағандар саны 2012 жылдан бергі ең төмен деңгейге түскенін жазғанбыз.