Германияда азаматтық алу талаптары күшейтілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Германияда ХДС/ХСС консервативтік блогының саясаткерлері 2025 жылы азаматтық алған шетелдіктер саны алғаш рет 300 мың адамнан асып кеткендіктен азаматтық беру талаптарын қатаңдатуды ұсынды, деп хабарлайды Deutsche Welle басылымы.
Бұл соңғы 25 жылдағы рекордтық көрсеткіш болды. Осыған байланысты ХДС/ХСС өкілдері неміс төлқұжатын беру шарттарын қайта қарауды ұсынды.
Консервативтік блок фракциясының өкілі Александр Тром Welt газетіне берген сұхбатында азаматтық алу үшін қажет елде тұру мерзімін қайтадан сегіз жылға дейін ұзарту керек екенін айтты.
Сонымен қатар ол қос азаматтыққа берілетін жалпы рұқсатты алып тастауды қолдады.
Тромның сөзінше, мұндай өзгерістерді Германия социал-демократиялық партиясымен коалициялық келіссөздер барысында қабылдату мүмкін болмаған.
Бұған балама ретінде саясаткер Германияда қорғау мәртебесімен тұрған уақытты азаматтық алу мерзіміне қоспауды ұсынды. Мұндай жағдайда шетелдіктер алдымен тұрақты тұру құқығын алуы керек, тек содан кейін ғана натурализация мерзімі есептеле бастайды.
Бұл бастаманы ХДС өкілі Роман Позек те қолдады. Оның пікірінше, қос азаматтық «интеграцияны қиындатады» және тек ерекше жағдайларда ғана рұқсат етілуі тиіс.
Жаңа шектеулерге Солшыл партия өкілдері қарсы шықты.
Депутат Клара Бюнгер мұндай ұсыныстарды Германияда жылдар бойы еңбек етіп, қоғамның бір бөлігіне айналған адамдарға жасалған «шапалақ» деп атады.
Оның айтуынша, «сынақ мерзімін» ұзартудың орнына мигранттардың қоғамдық өмірге араласуын күшейтіп, азаматтық алуды жеңілдету қажет.
Бұған дейін Германияның шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен академиялық бағдарламаларды қысқартатыны хабарланды.
Еске сала кетсек, Германия тұрғындарының шамамен 70%-ы қаржылық жағдайына алаңдайтынын жаздық.
Ал Қазақстанда қанша этникалық неміс тұратынын мына жерден оқи аласыз.