Германияда банкке шабуыл жасаған қылмыскер арнайы жасақ келгенде қашып кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Зинциг қаласындағы банк бөлімшесінде кепілге адам алу оқиғасынан кейін жүргізілген полиция операциясы аяқталды. Алайда қаскүнем құқық қорғау органдарынан қашып үлгерген, деп хабарлайды Bild басылымы.
Банк ғимаратындағы бөлмелердің бірінде екі адам қамалып қалған. Оларға медициналық көмек қажет болмаған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Арнайы жасақ ғимаратқа шабуыл жасап кірген. Құқық қорғаушылар банк ішін толық тексергенімен, қылмыскер ол жерде болмаған. Оның банктен нақты қашан шығып кеткені әзірге белгісіз. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті оқиға орнынан алыстап кеткен. Оны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр, әзірге сыртқы келбеті туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Полицияның мәліметінше, таңертең банкке инкассаторлық көлік келген. Сол сәтте қызметкерлердің бірі ғимаратқа кірген кезде белгісіз адам оған шабуыл жасап, қорқыта бастаған. Ал инкассаторлық көліктің жүргізушісі банк ішінде кепілде ұсталған.
Айта кетейік, SMS-бластер арқылы алаяқтық жасаған қылмыстық топ ұсталды. Бұл – ТМД елдері аумағында осындай схеманың жолы алғаш рет кесілген жағдай.