Германияда Бундестагтың көші-қон саясатына қарсы бірнеше мыңдаған адам қатысқан шеру өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германия астанасы - Берлин қаласында қазіргі биліктің әрекетіне қарсылар өздерінің елге толастамай ағылып жатқан мигранттарға қарсылығын білдіру үшін шеруге шықты. Берлин көшелерімен бес мыңға тарта адам шерулетіп өтті, деп хабарлады шетелдік ақпарат агенттіктері.

Германияда Бундестагтың көші-қон саясатына қарсы бірнеше мыңдаған адам қатысқан шеру өтті

Жергілікті билік мәліметтері бойынша, шеруді немістің «Германия үшін балама» еуроскептиктер партиясы ұйысмдастырған. Оның ұйымдастырушысы - «Германия үшін балама» партиясынан Еуропалық парламентке депутат Беатрикс фон Штрох қарсылық ең алдымен ГФР үкіметінің мүшелеріне бағытталғанын айтты. Шеруге шыққандар «Германияны құтқару керек. Ангельді тоқтату керек» деген ұрандар алып шықты. Сонымен бірге ел астанасында Ангела Меркельдің әрекеттерін және саясатын қолдайтындар да шеру ұйымдастырды. Олар өз қатарларына 800-ге тарта адамды жинады, деп хабарлады "Ореанда-Новости".

Бұдан бұрын Германия ІІМ 2015 жылдың басынан бері кемінде 758 мың адам баспана іздеп Германияға келгенін хабарлаған еді. Өткен жылы келген мигранттар төрт есе аз болатын. Келушілердің әрбір үшіншісі - Сирия азаматтары. Қазан айында ғана 181 мың мигрант келді, қыркүйекте бұл цифр 20 мыңдай аз болатын. Ағымдағы жылдың соңына дейін Германияға келетін мигранттар саны бір миллион адамға жетуі мүмкін. Сонымен қатар елге келушілердің қатарында Ирак пен Ауғанстан елдерінен босқындар бар.

Бұдан бұрын ГФР вице-канцлері Зигмар Габриэль Германия бірнеше жыл бойы жыл сайын 500 мыңға жуық иммигранттарды қабылдауды жоспарлап отыр деген болатын. «Біз бір жылда жарты миллиондай босқындарды қабылдай аламыз деп санаймын», - деген болатын ол.

Қарсылық акциясы негізінен оқыс оқиғасыз өтті. Жергілікті полицияның мәліметіне қарағанда, радикалдармен қақтығыста бір полицей жарақат алған.