Германияда бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның бірқатар федералдық жерінде ауа температурасы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, жаңа рекордтар тіркелді, деп хабарлайды BILD.
Жергілікті метеорологиялық қызметтің мәліметінше, сенбі күні Бавария, Бранденбург, Төменгі Саксония, Рейнланд-Пфальц және өзге де федералдық жерлерде ауа температурасы 40-41°C-қа дейін көтерілді.
Ел астанасы Берлинде жаңа рекорд орнап, ауа температурасы 39,9°C болды.
Ал ең жоғары көрсеткіш Саксония-Анхальт жеріндегі Мёкерн-Древиц елді мекенінде тіркеліп, сынап бағаны 41,5°C-қа жетті.
Аптап ыстық бірнеше төтенше жағдайға себеп болды. Елдің әр өңірінде бірнеше адам суға кетіп қаза тапты. Сонымен қатар Лейпциг қаласында жоғары температура салдарынан трамвай жолдары бүлініп, дүйсенбіге дейін қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды.
Кельн қаласында күн өткен науқастарға көмек көрсету үшін шұғыл далалық госпиталь ашылды.
Синоптиктердің болжамынша, жексенбі күні Германияның кей өңірлерінде ауа температурасы 42°C-қа дейін жетіп, жаңа рекордтар орнауы мүмкін. Аптап ыстықтың беті тек дүйсенбі күні қайтады деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, Германияда аптап ыстыққа байланысты жолдарға су шашыла бастады.