Германияда депортация 18%-ға өсті: заңсыз мигранттарды шығару күшейтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың алғашқы он айында Германиядан депортация саны өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 18%-ға көбейген, деп хабарлайды DW Bild am Sonntag-ке сілтеме жасап.  

Германия сириялық босқын үміткерлерінен жаппай бас тарта бастады
Фото: report.az

Елден 19 538 адам шығарылған, бұл күніне шамамен 65 адамға тең.

Германияның Ішкі істер министрі Александр Добриндт басылымға берген сұхбатында миграция мәселесінде қатал саясат ұстануға ниетті екенін және заңсыз тұратын мигранттарды, әсіресе Сирия мен Ауғанстанға, жиі депортациялауды жоспарлап отырғанын айтты.

Бұған дейін Еуропа Одағының 27 елінің 19-ы, соның ішінде Германия, Брюссельден ауғандықтарды елден шығару процесін күшейтуді сұраған.

Өткен жылы ЕО елдерінде ауғандықтарды елге қайтару туралы 22 870 шешім шығарылған, бірақ оның тек 435-і ғана жүзеге асқан.

Бұдан бұрын Германия сириялық босқын үміткерлерінен жаппай бас тарта бастағанын жазған едік.

Сондай-ақ ауған босқындары Германияға кірмеу үшін ұсынылған ақшалай өтемақыны қабылдамағаны да айтылды.

Қазір Германияда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары көбейді. Елдің ішкі істер министрі Добриндт сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа күдіктілердің үштен бірінен астамы (37%) Германия азаматтары емес екенін атап өтті. Жәбірленушілердің де шамамен үштен бірі Германия азаматтығына ие емес. 

Соңғы жаңалықтар