Германияда қазақстандық дипломаттар Кеңес жауынгерлеріне арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды

АСТАНА.ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына байланысты 29 сәуір мен 9 мамыр аралығында Германияның қалаларында бірқатар іс-шара өткізіліп, олардың барысында қазақстандық дипломаттар бұрынғы Цайтхайн, Равенсбрюк концлагерлеріне, Панков және Карлсхорст мемориалдарына, Эльба одақтастарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Германияда қазақстандық дипломаттар  Кеңес жауынгерлеріне арналған  ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов 9 мамыр күні орталық алаңдағы Трептов саябағындағы Тиргартен Бранденбург қақпасы және Рейхстагтағы Кеңес құтқарушы әскерлеріне арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.

Аталған іс-шараларға бұрынғы КСРО елдерінің, антигитлершіл коалицияға қатысушы мемлекеттер дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, соғыс ардагерлері, Берлиндегі билік және қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері, Бундесвердің әскери қызметкерлері қатысты.

Екінші дүниежүзілік соғыста - Берлин қаласы мен Рейхстаг үшін ұрыстарда қаза тапқан мыңдаған сарбаздардың мүрделері осы мемориал кешенінде жатқаны белгілі. Берлиннің өзінде Кеңес армиясының 78 мыңнан астам жауынгері мен офицерлері қаза тапты.

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Саксон мемориалдарының орталығы бірлесіп атқарған жұмыстары арқасында 2010 жылы Берлин қаласында «Арманда кеткен боздақтар» атты кітап басылып шыққан болатын. Мұнда Ұлы Отан соғысында Германия аумағындағы концлагерлерде қаза тапқан 6 мың қазақстандық жайында көптеген мәліметтер берілген.

Осы кітаптан қазақстандықтар өздерінің әкелері, аталары, хабарсыз кеткен туған-туыстары жайында көптеген мағлұмат алды.