Германияда Қазақстанның тамақ өнімдерінің таныстырылымы өтіп жатыр

Қазақстандық тамақ өнімдері ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты «Kaznex Invest» ұлттық инвестициялар және экспорт бойынша ұлттық агенттігінің қолдауымен көрмеде таныстырылды.
Еуропадағы ірі салалы көрмеге қатысушылар «Sun Bee» ЖШС компаниясының бал өнімдерін татып көрді, «Raimbek Bottlers» өндірісінің энергетикалық сусындары мен шырындарын, «Бижан» ЖШС ұлттық ет өнімдері - қазы, жая және басқа да шұжық өнімдерін, Германияда кеңінен танылған «Рахат» фабрикасының шоколадтары мен кәмпиттерін көрді. Сонымен қатар ұлттық көрмеде «Жаркөл-007» ЖШС зығыр майы, «Қаржау» ШҚ өсімдік майы, сонымен бірге, «Цесна» компаниясының макарон өнімдері мен ұны таныстырылды.
«Қазақстанда жасалған» деген тағамдардың басты артықшылығы - олардың экологиялық тазалығы мен табиғилығында. Сол себепті ұлттық көрме «Eat Ecological» деп аталған.
Бірінші рет халықаралық ANUGA тамақ өнімдері мен сусындар көрмесі 1924 жылы өткізілген. Содан бері екі жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.