Германияда қоғамдық көліктерде маска тағу режимі алынып тасталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Германияда 2 ақпан бейсенбіден бастап бүкіл ел аумағында қалалық қоғамдық көлік пен пойыздарда маска тағып жүру керек деген талап алынып тасталады. Үш жылға созылған коронавирус пандемиясынан кейін алыс қашықтыққа қатынайтын пойыздарда маска тағу міндетті болған. Сондай-ақ 9 федералды жерде өңірлік қоғамдық көлікте маскамен жүру талабы жойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Deutsche Welle сілтеме жасап.

Көлік кәсіпорындары соңғы кездері бұл талап қазіргі жағдайда өзекті емес екенін айтып, оны алып тастауды сұрап жүрген. Олар ұшақта немесе концерт залында маскасыз отыруға болады да, ал сонда бара жатқанда автобуста не трамвайда неге маска тағуға міндетті екенін жолаушыларға түсіндіру қиынға соғатынын алға тартады.

Deutsche Bahn теміржол концерні де ГФР үкіметінен алыс жолға баратын пойыздарда маска тағу режимін алып тастауды сұраған. Нәтижесінде үкімет маска тағу режимін 2 ақпаннан алып тастау туралы қаулы шығарды.

Бұған дейін оны сәуірде алып тастайды деп жоспарланған еді. ГФР денсаулық сақтау министрі Карл Лаутербах (Karl Lauterbach) өз еркімен маска таға беруді ұсынды.

Маска тағу режимі 2020 жылдың басында пандемия кезінде біртіндеп енгізілген болатын. Тұрғындардың бір бөлігі маскасыз адамдардың қасында отырғысы келмейтіндер үшін пойыздарда арнайы орын белгілеуді талап етуде. Алайда Deutsche Bahn өкілі бұндай болмайтынын айтты.

Аурухана, мүгедектер мен қарттар үйіне, дәрігерлер практикасы мекемелеріне баратындар үшін маска тағу 7 сәуірге дейін әлі де міндетті болады.

Сонымен қатар клиникалар мен қарттар үйіне кіру үшін коронавирусқа тест тапсырып, теріс нәтижесін көрсету керек.


Фото: dpa




Соңғы жаңалықтар
telegram