Германияда көртышқандар жер астынан ортағасырлық қорған тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Фризияда көртышқандар ескі қорғанның қирандыларын табуға септігін тигізді. Жерасты жәндіктері қазып шығарған топырақ арасынан құрылыс заттарының қалдықтары байқалған. Археологтар осы өңірді зерттей келе бұл жерде көне бекініс болған деген тұжырымға келген.
Бұл туралы Росбалт хабарлайды.
Кейінгі ортағасыр дәуіріне жататын бұл көне бекініс Аурих округіндегі Нерморда орын тепкен. 500 жыл бұрын бой көтерген ғимараттың іргетасының ұзындығы 70, ені 20 метр шамасында. Ғалымдар бұл ортағасырлық Фризияға тән көпқабатты мұнара болған деп санайды.
Бұндай бекіністер өз заманында оның иесінің байлығын паш еткен, сондай-ақ соғыс уақытында елге қорған да болған.
Андреас Хюсер бастаған археологтар Нермордағы бұл қорғанды өз кезінде айнала терең ор қоршап тұрғанына сенімді.
Осы сияқты құрылыс нысандары Германия және Нидерланд шекарасындағы Райдерландтағы Бундерхте де кездеседі.