17:59, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Германияда Қымыз өндірушілер одағы жұмыс істейді - «Саржайлау» қымыз орталығының президенті
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстанда қымызды бренд ретінде дамыту енді қолға алынып жатқанда, әлемнің көптеген елдерінде қымыз зерттеліп, оны өндіру жолға қойылған.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Көшпелілер өркениеті» ЖШС директоры Ахметбек Нұрсыйла айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Оның сөзіне қарағанда, Жапония, Франция, Германия, Қытай елдерінде қымыз өндірісі жолға қойылған. «Қымызды Еуропа мен Америкада да пайдаланып жатыр, бірақ өте қымбат тұрады. Ал Германияда құрамына 40 мекеме кіретін Қымыз өндірушілер одағы бар. Ресейде қымыз өндіретін 80-ге жуық жылқы зауыты, сондай-ақ қымызбен емдейтін 48 емдеу орны бар. Сонау 40 жылдардың өзінде Париж дәріханаларында қымыз сатылған. Қазір де сұраныс көп. Германия мен Австрияда бағасы өте қымбат тұратын косметикалық өнімдерді қымыздан жасайтын зауыт жұмыс істейді. Бұл - қымыздың қызығын шет ел біліп жатыр деген сөз», - дейді А.Нұрсыйла.Оның айтуынша, өзі құрған «Көшпелілер өркениеті» ЖШС қымыздың отаны - Қазақстан екенін танытуды қолға алмақ.