Германияда мұсылмандарды «мойындау» шарасы басталды
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Неміс жұртында осы атпен басталған науқанға сенат қолдау білдіріп отыр. Жастардың «Juma» ұйымы көтерген бастама бойынша наным-сенімі өзге адамдарға исламның қадір-қасиетін таныту мақсатында «саяси дискурс» жобасы қолға алынды. Бұл туралы muslim.kz сайтынан хабарлады.
Осы шараға байланысты ел астанасы Берлин қаласының 500-ден аса қоғамдық орындарында Германиядағы мұсылмандардың қоғамдық өмірінен хабар беретін плакаттар пайда болды. Аталмыш науқанның аясында түрлі саланың сарапшылары мен жастардан сұхбат алынады. Олардың сұхбаты ғаламторға орналастырылады. Сондай-ақ, қыркүйектің 6-ы күні есімдері елге белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесу өтеді. Дискуссия түрінде өтетін осынау шарада алдағы уақытта болатын бундестаг сайлауына қатысты мәселелер талқыланады. Жас мұсылмандар Берлин қаласынан сайлауға түсетін үміткерлермен мұсылмандарды «мойындау» мәселесін қарастырады.