Германияда оқыс оқиға орын алды
АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Дюссельдорф қаласында жеңіл атлетикадан өтіп жатқан жарыс кезінде спортшының лақтырған найзасы төрешіге тиіп, салдарынан 75 жастағы Дитер Шмидт қайтыс болды.
Оқыс оқиға жыл сайын Wilhelm Unger Games деген атаумен өткізілетін жастар бәсекесінде орын алған. Бұл туралы BAQ.KZ жазады.
Үлкен күшпен лақтырылған спортшының найзасы төрешінің тура тамақ тұсына қадалыпты. Бұл сәтте Шмидт алаңда өзге атлеттің лақтырған найзасының қашықтығын өлшеп жүрген екен. Сол маңдағы дәрігерлер ардагер спортшының өмірі үшін арпалысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болған жоқ. Жедел жәрдем қызметкерлері жаралыны жақын маңдағы ауруханаға алып барып, операция да жасаған. Алайда, өте көп мөлшерде қан жоғалтқандықтан және ұйқы күре тамырының зақымдануынан төреші аурухана төсегінде көз жұмды.
Осынау жарысқа марқұмның 18 жасар немересі Фиона да қатысқан. Қайғылы оқиғадан кейін ұйымдастырушылар спорттық шараны тоқтатуға мәжбүр болды.
Айта кетейік, Шмидтің өліміне алып келген найзаны 15 жастағы атлет лақтырған. Бүгінгі таңда жас спортшыға психолог мамандардың көмегі көрсетіліп жатыр.