Германияда пойыз бақылаушыларына күш көрсету оқиғалары көбейді
АСТАНА. KAZINFORM – Германияда теміржол қызметкерлеріне жасалатын шабуылдардың көбеюіне байланысты билет тексерушілердің қауіпсіздігін күшейту қолға алынды. Рейнланд-Пфальц федералдық жерінде бақылаушылардың топ болып жұмыс істеуіне арналған тәжірибелік жоба іске қосылды, деп хабарлайды DW.
Бірнеше аптадан бері өңірдегі аймақтық пойыздарда әдеттегі екі бақылаушының орнына кейбір рейстерде 6-8 адамнан тұратын топтар жұмыс істеп жүр.
Deutsche Bahn компаниясының өңірлік бөлімшесінің төрайымы Зильке Янсердің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – теміржол қызметкерлері мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ол SWR телеарнасына берген сұхбатында соңғы уақытта билет тексеру кезінде қызметкерлерге тіл тигізу, қорқыту және күш қолдану оқиғалары жиілегенін айтты. Оның сөзінше, адамдардың күш қолдануға бейімділігі арта түскен.
Ал бақылаушылар топ болып жұмыс істеген кезде мұндай жанжалдар сирек кездеседі.
– Жағдай өзгерді, жанжал азайды. Жолаушылар да, әдетте, бізге көбірек құрмет көрсететін болды, – деді жобаға қатысып жүрген қызметкерлердің бірі SWR телеарнасына.
Тәжірибелік жобаның іске қосылуына биыл ақпан айында Рейнланд-Пфальц өңіріндегі пойыздардың бірінде болған қайғылы оқиға себеп болды.
Сол кезде 36 жастағы жолсерік Серкан С. билетсіз жүрген жолаушымен жанжалдасып қалған. Жолаушы оны есінен танғанша ұрып-соққан. Ауыр жарақат алған теміржол қызметкері ауруханаға жеткізілгенімен, кейін қайтыс болды.
Шілде айында Германияның оңтүстік-батысында тағы бір оқиға тіркелді. Пойыздың қауіпсіздік қызметкері жолаушымен жанжал кезінде сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатқан пойыздан құлап кеткен.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Германияда теміржол қызметкерлеріне жасалған шабуылдар саны 11 пайызға өсіп, 2690 жағдайға жеткен.
Осыған байланысты кәсіподақтар биліктен теміржол қызметкерлерін қорғау шараларын күшейтуді талап етіп отыр.
Егер Германия билігі жыл соңына дейін осы саладағы заңнаманы қатаңдату жөніндегі жоспарын ұсынбаса, кәсіподақтар бүкіл ел көлемінде ереуіл ұйымдастыруы мүмкін екенін ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда пойыз жолаушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында билетсіз жүруге және қоғамдық тәртіпті бұзуға тыйым салынатыны ескертілген болатын.