Германияда Тоғызқұмалақтан Еуропа Чемпионатын Қарағанды облысының бұрынғы тұрғыны ұйымдастырған (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23-24 шілде күні Германияда Швайнфурт қаласында тоғызқұмалақтан өткен Еуропа Чемпионатын бұрынғы Қарағанды облысының тұрғыны Юрий Нольд ұйымдастырған. Бұл туралы қарағандылық азаматша Светлана Демент хабарлады.
«Халықаралық турнирдің ұйымдастырушысы - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының бұрынғы тұрғыны Юрий Нольд, тоғызқұмалақ ойнының жаттықтырушысы. Ол шетелде қазақтың ұлттық ойнын дамытуға өз үлесін қосуда. Сол жақтан пікірлес азаматтарды тауып алды. Юрийдің жанұясында тоғызқұмалаққа ынтызар тек ол ғана емес. Оның қызы Ирина тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионы және тоғызқұмалақ бойынша спорт шебері атанды», - дейді С. Демент.
Оның сөзіне қарағанда, Германияда тоғызқұмалақтан биыл жарыс үшінші рет өтуде. Биыл оны Қазақстан тарапы қаржыландырып отыр.
С. Демент Фейсбуктегі парақшасында турнирдің жаңалықтарымен бөлісті. Оған оның Германияда тұратын досы Ирина Краснова көмектесуде.
Олардың ақпараттары бойынша, жарысқа Германия, Франция, Испания, Греция, Швейцария, Сомали, Қазақстан, Ресей сынды 13 елден 40 спортшы қатысуда.
«Бірінші кезеңде ерлер мен әйелдер жеке-жеке сынасады. Ең басты айқас үшінші үстелде орын алады. Ира Нольд, Юрийдің қызы және менің немере сіңілім, Қазақстан чемпионы әрі спорт шебері. Швейцариядан профессор келді, манкала тобына жататын ойындар үшін қажетті тақтайшалар алып келді», - деді чемпионаттың «баспсөз хатшысы» И.Краснова.
«Чемпионаттың алғашқы күні немістің манкала типтес ойыны - Bohnenspiel-мен аяқталады. Ол тоғызқұмалаққа қарағанда, едәуір жеңіл. Оған барлығы: қазақстандық қатысушылар секілді мықты гроссмейстерлер де, Ю.Нольдтің өзі, тіпті енді үйреніп жатқандар да қатыса алады. Әйелдер ерлермен бірге тең ойнай алады», - деді ол.
Еске сала кетсек, 23-24 шілде күндері Германияның Швайнфурт қаласында тоғызқұмалақтан Еуропа чемпионаты өтуде. Кеше басталған Еуропа чемпионатына Қазақстан, Германия, Франция, Грекия, Швейцария, Испания, Ресей, Чехия мен тағы басқа он елдің спортшылары қатысып жатыр.
Еуропа чемпионатының ашылуына Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов пен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері Комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Швайнфурт мэрі Карл Хайнц Каучок қатысты.