Германияда туристерді қоқыс жинағаны үшін ынталандырмақ
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Берлинде қаладағы қоқысты жинағаны үшін туристерді ынталандыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды BILD.
Берлин билігі қаладағы қоқыс мәселесін шешудің жаңа жолын іздеп жатыр.
Жаз мезгілінде туристерге Шпрее өзенінен қоқыс жинағаны үшін бонус немесе жеңілдіктер беру жүйесін іске қосу жоспарланған. Бұл идея Даниядағы CopenPay жобасынан шабыт алған: қонақтар шығынын азайтып, Берлин жағалаулары мен су айдындарын тазартады деп үміттенеді.
Сонымен қатар Германия астанасында қоқысқа қарсы дәстүрлі шаралар да күшейтіліп жатыр.
Мәселен, көшеге қоқыс тастағаны үшін салынатын айыппұл айтарлықтай өскен. Енді бір реттік стақан тастағаны үшін 55 еуроның орнына 250 еуро айыппұл қарастырылған.
Тек 2025 жылы қаланың тазалық қызметі заңсыз төгілген қоқысты шығару үшін 13 миллион еуро жұмсаған.
Қазіргі уақытта Берлиннің барлық 12 ауданында арнайы инспекторлар саны 68 адамға дейін көбейтілмек. Олар темекі тұқылы немесе қап сияқты ұсақ заң бұзуды қадағалайды, ал проблемалы аймақтарда құрылыс қалдықтарын, ескі техниканы заңсыз тастайтындарды анықтайды.
Сонымен қатар қалада бір реттік қаптамаға салық енгізу мәселесі талқыланып жатыр.
Қолдаушылар бұл шара миллиондаған еуро кіріс әкеліп, қоқыс көлемін азайтады десе, қарсы тарап дәмхана мен мейрамханалар үшін қосымша бюрократиялық жүктеме болатынын ескертеді.
Айта кетелік 2045 жылға қарай Германияда халық саны күрт қысқаруы мүмкін екені туралы жазған едік.