Германияда зейнет жасын 70 жасқа дейін көтеру ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Германия билігі ғасыр соңына қарай зейнет жасын 70 жасқа дейін кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отыр, деп жазады DW.

а
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Бұл туралы Bild басылымы Германия үкіметі әзірлеп жатқан зейнетақы реформасы жобасына сілтеме жасап хабарлады.

Басылымның мәліметінше, құжат 23 маусымда үкімет қарауына ұсынылады. Жобаға сәйкес, 2090-жылдарға қарай зейнеткерлік жасты 70 жасқа дейін көтеру және 63 жаста толық зейнетке шығу мүмкіндігін жою көзделген.

Реформа аясында Германияда міндетті зейнетақы сақтандыру жүйесін толықтыратын жаңа жинақтаушы зейнетақы жүйесін құру ұсынылған. Ол қызметкерлердің жалақысынан бастапқыда 1%, кейін 2%-ға дейін ұлғайтылатын қосымша жарналар есебінен қаржыландырылады. Жарнаның жартысын жұмыс беруші, жартысын қызметкер төлейді. Қаражат мемлекеттік қор арқылы инвестицияланады.

Сондай-ақ сарапшылар зейнетақы сақтандыруына қатыспайтын шағын жұмыстың (Minijob) көп бөлігін жоюды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен парламент мүшелерін міндетті зейнетақы жүйесіне қосуды ұсынып отыр.

Жоба аясында зейнетақының жыл сайынғы өсімін жарна төлеушілер санына қарай реттейтін «зейнетақы тежегіші» енгізу де қарастырылған. Бұл болашақта жарналардың өсу қарқынын бәсеңдеткенімен, зейнетақының жыл сайынғы көтерілуін де шектеуі мүмкін.

Қазіргі уақытта Германияда зейнеткерлік жас 65-тен 67 жасқа дейін кезең-кезеңімен көтеріліп жатыр. Бұл процесс 2030-жылдардың басында аяқталуы тиіс. Сонымен бірге кемінде 35 жыл еңбек өтілі бар азаматтарға 63 жастан мерзімінен бұрын зейнетке шығу мүмкіндігі сақталған.

Бүгінде Германияда зейнетақы қорына тек жалдамалы қызметкерлер міндетті түрде жарна аударады. Жарна мөлшері жалақының 18,6%-ын құрайды, оның тең жартысын жұмыс беруші төлейді. Ал мемлекеттік қызметшілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және кейбір басқа санаттар бұл жүйеден босатылған.

Соның салдарынан елдегі жұмыс істейтін азаматтардың тек 79%-ы ғана зейнетақы қорына жарна төлейді. Сонымен қатар Германия азаматтары зейнетақы алу құқығына небәрі бес жыл жарна төлегеннен кейін ие болады.

Әлеуметтік сауалнамалар нәтижесіне сәйкес, Германия тұрғындарының 42%-ы зейнетақыға арнайы қаржы жинамайды.

Осыдан бұрын Германияда әлеуметтік жәрдемақы қысқарып, шетелдіктерге төлемдер азаюы мүмкін екенін жаздық.