Германияда жәрдемақы алатын жастардың ата-анасымен тұруы талап етілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Тюрингиядағы Нордхаузен ауданының басшысы, Социал-демократиялық партияның өкілі Маттиас Йендрике 25 жасқа толмаған базалық жәрдемақы алушыларға ата-анасымен бірге тұруға мүмкіндік болса, бөлек баспана ақысын мемлекет өтемеуі керек деген ұсыныс айтты. Бұл туралы Kazinform Bild басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Германияда жәрдемақы алатын жастардың ата-анасымен тұруы талап етілуі мүмкін
Фото: ЖИ/Kazinform

— Жәрдемақы алатын жастар ата-анасымен бірге тұра алса да, жеке пәтер жалдап жатады. Ал оның ақысын біз төлеуіміз керек. Бұлай болмауға тиіс, — деді ол Münchner Merkur басылымына берген сұхбатында.

Йендрикенің ұсынысы өз балалары жоқ 25 жасқа дейінгі жастарға қатысты болмақ. Алайда отбасында жанжал болып, ата-анасымен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда, бұл талаптан босатуға болады. Дегенмен мұндай кезде де мемлекет жеке пәтердің ақысын емес, жатақхана сияқты арзанырақ баспана түрлерін төлеуі керек деген ұсыныс айтылды.

Сондай-ақ ол күмәнді жағдайларда жұмыспен қамту орталықтарына жәрдемақы алушылармен тек кәдімгі пошта арқылы байланысуға рұқсат беруді ұсынып отыр. Оның пікірінше, бұл адамдардың жалған мекенжай көрсету жағдайларын анықтауға көмектеседі.

Йендрике мемлекет жәрдемақы алатын жастарды білім алуға немесе жұмысқа тезірек қайтаруы керек деп санайды.

— Бәрі өздігінен реттеліп кетеді деп ойлау — қате. Бұл жаста мұндай жағдай жас адамның қалыптасуына қатты әсер етеді. Соның салдарынан ол мемлекет қаржысына үнемі өмір сүретін адамға айналуы мүмкін, — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Германия Еуропалық Одақ елдері арасында жеке баспанасы бар тұрғындардың үлесі бойынша соңғы орында тұрғанын жазғанбыз. Үй шаруашылықтарының небәрі 43,5 пайызы өз үйінде немесе пәтерінде тұрады.