Германиядағы газ қоры 54 пайызға дейін төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қараша айының соңында Германиядағы газ қоймаларының толымдылық деңгейі 54 пайызға дейін төмендеді. Сала өкілдері қыс мезгілі әдеттен тыс суық болған жағдайда газбен жабдықтауда іркілістер болуы мүмкін екенін ескертеді, деп хабарлайды BILD.

Германиядағы газ қоры 54 пайызға дейін төмендеді
Фото: BILD

Күннің суытуы және газ тұтынудың артуы аясында қоймалардағы қор соңғы он күн бойы үздіксіз азайып келеді. Өткен жылы осы кезеңде газ қоймаларының толымдылық деңгейі шамамен 68 пайыз болған.

Германияның газ қоймалары операторлары бірлестігінің (INES) бағалауынша, қатты аяз болған жағдайда қолда бар қор мен қазіргі жеткізу көлемі халық пен өнеркәсіп кәсіпорындарының қажеттілігін өтеуге жеткіліксіз болуы мүмкін.

Осыған байланысты сала өкілдері билікті қысқы кезеңге дайындық шараларын қайта қарауға және газбен жабдықтау сенімділігін арттыруға шақырды.

Ал Германияның Федералдық желілік агенттігі (Bundesnetzagentur) өткен жылдармен салыстырғанда газ қоры азайғанына қарамастан, елдегі газбен жабдықтау тұрақты екенін мәлімдеді. Реттеуші орган әзірге тапшылық белгілерін байқамай отыр және жағдайды бақылауды жалғастыруда.

Қазіргі уақытта Германия 2022 жылмен салыстырғанда газ қоймаларындағы қорға азырақ тәуелді. Ел Норвегия мен көршілес мемлекеттерден құбырлар арқылы, сондай-ақ сұйытылған табиғи газды қабылдайтын терминалдар арқылы газ алады.

Алайда Таяу Шығыстағы шиеленіс пен Иран төңірегіндегі қақтығыс әлемдік энергетикалық ресурстар бағасына әсер етуді жалғастырып отыр. Басылымның жазуынша, газ тапшылығы болмаса да, тұтынушылар жылыту шығындарының өсуіне тап болуы мүмкін.

Бұған дейін Еуропалық одақтағы газ қоры соңғы 15 жылдағы маусымдық ең төменгі деңгейге жеткені хабарланған болатын.