Германиядағы «Дала қыраны-2014» оқу-жаттығуына «Қазбаттың» 150 әскери қызметшісі қатысуда (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Дала қыраны-2014» тактикалық-арнайы бітімгершілік оқу-жаттығуының белсенді кезеңі басталды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.

Германиядағы «Дала қыраны-2014»  оқу-жаттығуына «Қазбаттың» 150 әскери қызметшісі қатысуда (ФОТО)

Германияда өтіп жатқан оқу-жаттығуға Казақстаннан подполковник Бақытжан Жетпісов бастаған бітімгершілік батальон штабы және капитан Аян Нұрқасов бастаған «Қазбаттың» күшейтілген ротасы құрамындағы 150 әскери қызметші қатысуда.

«Дала қыраны-2014» оқу-жаттығуының басты мақсаты бітімгершілік бөлімшелерінің НАТО-ға қатысушы елдер әскери контингенттерімен үйлесімділігі мен өзара іс-қимылын пысықтау болып табылады.

Көпұлтты контингенттің құрамындағы қазақстандық бітімгершілік батальон көпұлтты ортадағы үйлесімділікті жақсарту, миссияларды жоспарлау, жедел бұйрықтарды орындау, ағымдағы операцияларды қадағалау жөніндегі міндеттерді пысықтауда.

Биыл «Дала қыраны» он екінші рет өтуде. Бұл бітімгершілік оқу-жаттығуы тұңғыш рет 2003 жылы ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінің «Іле» оқу-жаттығу орталығында өткізілген болатын.

«Дала қыраны-2014» оқу-жаттығуына Тәжікстан, Қырғызстан, АҚШ, Германия мен Ұлыбритания қатысуда.