Германиядағы марафонда қазақ қызы екінші орын алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Ганновер қаласында өткен дәстүрлі халықаралық марафонда қазақ қызы екінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясына сілтеме жасап.
Бұл марафон 1991 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл 28-рет өткізілген марафон Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының IAAF Silver Label мәртебесіне ие.
Қазақстаннан барған спортшылар арасында Ақмарал Мейірман күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол әйелдер арасындағы классикалық 42 шақырым 197 метрлік қашықтықты 2:55.58 сағатта жүгіріп өтті. Ал бірінші келген Кения спортшысы Агнес Кипроптың уақыт көрсеткіші - 2:32.35 сағат. Үздік үштікті жергілікті спортшы Аида Штальхут қорытындылады (03:03.13).
Ерлерден еліміздің намысын қорғаған Михаил Красилов мәреге алтыншы болып жетті. Қазақстандық атлет аталған қашықтықты 2:24.24 сағатта жүгіріп өтті. Сөйтіп, 2016 жылдан бері ең үздік көрсеткішін тіркеді. Бірінші орынды Эфиопия стайері Себок Негусс еншіледі (2:09.44). Екінші-үшінші орынды Кениядан келген Майкл Куньюга (2:10.16) мен Дункан Коэч (2:10.19) өзара бөлісті.
Жалпы, Ганновер марафонына (HAJ Hannover Marathon) биыл 10 мыңнан астам адам қатысты.