Германиядан төрт ойыншы Қазақстан жастар құрамасына шақырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германия чемпионатының төрт футболшысы Қазақстан жастар құрамасына шақырту алды. Бұл туралы Қазақстанның футбол федерациясының баспасөз қызметінен хабарланды.

Германиядан төрт ойыншы Қазақстан жастар құрамасына шақырылды

Айта кетерлігі, еліміздің құрамасында ойнауға ниет білдірген төрт ойыншының да түпкі тамырында Қазақстанмен байланысы бар болып шықты.

«Қазақстан жастар құрамасының орталық алаңында олқы тұстар бар. Қазіргі уақытта біз команданы күшейту жолдарын қарастырып жатырмыз. Дубль және бірінші лига командаларымен қатар, бұрынғы қазақстандықтар саналатын және шетелдік чемпионатта ойнайтын қазақстандық футболшыларды бақылауда ұстап келеміз. Осыған орай, алдағы оқу-жаттығу жиынына Германиядан төрт футболшы шақырылды. Олардың арғы тегі қазақстандық, сондықтан футболшылар тарихи Отанында ойнауға ниет білдіріп отыр. Біз оларды қарап шығамыз. Егер Қазақстан жастар құрамасын күшейте алатын болса, онда олар әрі қарай командаға толығымен шақырту алатын болады», - дейді Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Саулюс Ширмялис.

Еске сала кетейік, 23-31 наурыз аралығында Қазақстан жастар құрамасы Эстонияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді.