Германияға көшіп барған неміс отбасы жерлестерін Наурыз мейрамымен құттықтады

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысынан Германияға көшіп барған неміс отбасы әлеуметтік желі арқылы жерлестерін Наурыз мейрамымен құттықтады.

Немістер
Фото: Видеодан алынған кадр

Бұл туралы Зеренді ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жарияланды. Онда «Қызылсая елінің тумалары Боки Павел және Ирма ханым Германия мемлекетінен жалынды сәлем жолдады!», деп жазылған.

«Мен Боки Павел Ивановичтің баласымын. Зеренді ауданының Қызылсай ауылында тудым. 1996 жылы Германияға көшіп кеттік. Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Сіздер анда, біз мында аман болайық! Аспанымыз ашық болсын!», деп айтады бейнежазбадағы құттықтау сөзінде германиялықтар. 

28 жыл бұрын Германияға көшіп кетсе де, қазақ тілін ұмытпаған неміс ұлтының өкіліне ел сүйсінді.

«Жарайсындар жерлестер», «Рақмет жандарым. Туған жерге деген сағыныш әрқашан тілдің ұшында тұрмақ қой. Ғұмырлы, үбірлі- шүбірлі болыңдар, бауырлар. Рақмет сiздерге. Германияда тұрып қазақша сөйлегендерiне рақмет, айналайындар», деп пікір қалдырды желі қолданушылар.

Айта кетсек, бұдан бұрын Амал мерекесі күні қызылжарлық өнерпаздар ақмолалық әріптестерімен көріскенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар