Германияның жоғары лауазымды өкілдері маусым айында Қазақстанға келеді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы маусым айында Қазақстанға Германия Федералдық Республикасының жоғары лауазымды өкілдері жұмыс сапарымен келеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді.

Флаг Германия туы
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, 15-16 маусым күндері Қазақстанға Германия Федералдық Экономика және климатты қорғау министрлігінің парламенттік мемлекеттік хатшысы Штефан Раунхофф келеді. Ал 29-30 маусым аралығында Германияның Федералдық экономика және энергетика министрі Катерина Райхе сапар жасайды.

Жоспарға сәйкес, сапарлар барысында Қазақстан басшылығымен және салалық мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өтеді.

– Негізгі назар Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне аударылады. Тараптар энергетика және шикізат салаларындағы өзара іс-қимылды, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуді, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар шикізат материалдары саласындағы жобаларды қоса алғанда бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр, – деді ол.

Сонымен қатар спикер алдағы сапарлар биік және жоғары деңгейдегі екіжақты байланысты одан әрі дамытудың маңызды кезеңі ретінде қарастырылып, Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестіктің дамуына қосымша серпін беруге бағытталғанын атап өтті.

Бұған дейін Германияның Қазақстан экономикасына инвестициясы 28,5 пайыз өскенін жазғанбыз.