Германияның босқындар орталығында болған өрттен 30-ға жуық адам зардап шекті

БЕРЛИН. ҚазАқпарат - Германиядағы босқындар орталығында болған өрт кезінде 30-ға жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-нің меншікті тілшісі Германияның DPA агенттігіне сілтеме жасап.

Германияның босқындар орталығында болған өрттен 30-ға жуық адам зардап шекті

Оқиға Хёфельхоф қаласында (Солтүстік Рейн-Вестфалия жері) баспана таба алмай, босып жүрген 500 адам тұрып жатқан бұрынғы әскери казармада болды.

Полицияның мәліметтері бойынша, өрттен ауыр жарақат алған бірнеше адам жергілікті ауруханаға жеткізілген. Қалған 20 босқын мен екі өрт сөндіруші оқиға орнында медициналық көмек алды.

Өрттің шығу себебі анықталу үстінде. Сот-медицина сарапшылары өрт болған орынды жұма күні қарап көреді.