Германияның Президенті мен Канцлері футболдан ӘЧ-2014 финалын тамашаламақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында өтетін әлем чемпионатының финалын Германияның Канцлері Ангела Меркель мен ГФР Президенті Йоахим Гаук тамашалауға барады деп күтілуде.
«Президент Йоахим Гаук ел Канцлері Ангела Меркельмен Рио-де-Жанейрода 12-14 шілде аралығында сапармен болып, финалдық ойынды тамашалайды», - делінген шетелдік БАҚ мәліметінде. Айта кетейік, ақтық дода 13 шілдеде өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, ӘЧ-2014-тің жартылай финалдық ойынында Германия құрамасы Бразилияны 7:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Германиялық БАҚ-тың мәліметінше, осы матчты рекордтық көлемде, яғни 32,6 млн. телекөрермен тамашалаған.
Финалда Германия құрамасы Аргентина-Нидерланды кездесуінің жеңімпазымен ақтық сайыста бәсекеге түседі.