Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Германияның жаңа сайланған президентін ұлықтау рәсімі 19 наурызда өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның жаңа сайланған президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің инаугурациясы 19 наурызға жоспарланып отыр. Айта кетейік, кеше федералды жиын мүшелерінің басым бөлігі оған дауыс берді. Франк-Вальтер Штайнмайер Германияның 12-президенті атанды. Алдағы 5 жылда оның жұмыс орны Бельвю сарайында өтеді. Бірақ ресми түрде қызметіне 19 наурызда өтетін ұлықтау рәсімінен соң кіріседі, деп хабарлайды 24.kz.

Германияның жаңа сайланған президентін ұлықтау рәсімі 19 наурызда өтеді

Жаңа сайланған басшы кешеден бері үкімет пен мемлекет басшыларынан құттықтау алып жатыр. Жалпы, саяси додада бес үміткер сынға түскен болатын. Штайнмайер 931 дауыс жинап, бірінші кезеңде-ақ өз қарсыластарынан оқ бойы озып кетті.

«Маған сенім артып, дауыс берген халыққа алғысымды білдіремін. Ал өзге кандидатты таңдаған азаматтарға беретін бөлек уәдем бар. Мен алдағы уақытта барлық демократиялық партиямен, коалиция және опозиция өкілдерімен жұмыс істеп, сенімдерін ақтауға бар күшімді саламын. Ханымдар мен мырзалар, біз аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз. Біз бәрімізді біріктіретін дүние табуымыз керек»,-деді Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер.

Қорытынды шықпай тұрып көптеген сарапшы Штайнмайердің жеңісін болжады. Сондықтан сайлау кезінде үлкен шу болған жоқ. «Бильд» басылымы халық арасында сауалнама да жүргізіп көрді. Неміс халқының 59%-ы Франк-Вальтер Штайнмайер жақсы президент болады деп сенеді. Бұған тіпті Германияның Канцлері Ангела Меркель де сенімді.

«Штайнмайер Германияны қиын кезеңде басқарады. Мен оған сенемін. Мен оны көптен бері білемін жəне біз бірге көп жыл жұмыс істедік. Ол қиын жағдайларда əрдайым дұрыс шешім қабылдады. Оның жақсы президент болатынына күмәнім жоқ. Көпшілік қауым жəне көптеген ел азаматы оны президент ретінде қабылдайтынын мен жақсы білем. 61 жастағы Франк-Вальтер Штайнмайер - Германияның ең атақты саясаткерлерінің бірі. Əр жылдары вице-канцлердің лауазымын атқарып, федералдық канцлер ұйымын басқарды. 2013 жылдан бастап Германияның сыртқы істер министрі болды. Сарапшылардың айтуынша, Штайнмайердің саясатта да, дипломатияда да тəжірибесі мол. Сондықтан ол өзгерістер мен қауіп-қатерлер кезеңінде Германия үшін тепе-теңдік пен тұрақтылықты сақтай алады»,-деді Германия Канцлері Ангела Меркель.