Героин сатқаны үшін ұсталған полицейдің бастығы отставкаға кетті - Қарағанды облысы
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында Абай ауданы ІІБ есірткі бизнесімен күрес бөлімінің бастығы отставкаға кетті. Бірқатар полицейлер тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы өңірдің ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қоғамды дүрліктірген Абай ауданы ІІБ қызметкерін есірткі затын заңсыз сатқаны үшін жазаға тарту фактісі бойынша Қарағанды облысы ІІД бастығының бұйрығымен ол ішкі істер органынан босатылды. Оның тікелей басшысы лауазымынан босату туралы рапорт берді. Аумақтық бөлімшенің бірқатар басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Абай ауданы ІІБ есірткі бизнесімен күрес бөлімінің жедел уәкілін героин өткізгені үшін Қарағанды облысы ІІД жеке қауіпсіздік қызметкерлері ұстаған. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Аталған факті бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта сот санкциясымен күдікті екі ай мерзімге тұтқындалды.