Гёте-Институты
АЛМАТЫ. 28 ақпан. ҚазАқпарат - Алматы Гёте-Институты "Мәдениет және оның дамуы" Жаңа байланыстар, жаңа бастамалардың келешегі" деп аталатын жобаның аясында Шығыс Еуропа және Орталық Азия аумақтары үшін "Табиғат және мәдениет" атты ашық халықаралық байқауын жариялады.
«Байқаудың мақсаты - жас табиғат қорғаушыларын қолдау, олардың қоршаған орта мен мәдениеттің өзара әрекеттестігі саласындағы жаңа бастамаларына дем беру болып табылады»,- дейді байқаудың ұйымдастырушысы Гүлмира Жандыбаева.
Байқау шарты бойынша қатысушылар «Табиғат және мәдениет» тақырыбында адамның ойын қалыптастыратын, көркемдік компоненттері бар экологиялық жобаларды ойлап тауып, дайындауы қажет. Байқауға қызығушылық танытқан 35 жасқа дейінгі барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Байқауға тек бір жоба ғана қабылданады. Оның мазмұны мен көркемдік ойы және техникалық орындалуын авторлар жазбаша түрде жобаға анықтап жазуы тиіс.
Жұмыстар пошта арқылы немесе Гёте-Институтының курьері арқылы биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 30 қыркүйек күні жарияланады. Жобаларға Германияның және Қазақстанның сарапшылары қазылық жасайды. Бірінші орынға - Германияға жеті күндік саяхат, екінші және үшінші орындарға - бағалы сыйлықтар тағайындалған. Байқау соңында ұйымдастырушылар үздік жұмыстардың таныстырылымын өткізуді көздеп отыр.
Толық ақпаратты Алматы Гёте-Институтынан алуға болады.