Гидрометеорологиялық ахуал: Кей өзендерде су қоры жылдағыдан мол

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары Серік Саиров айтып берді.

река
Фото: pixabay.com

Күнтізбе бойынша көктем келгенімен, қыстың ызғары кете қойған жоқ. Кейбір өңірде әлі күнге дейін қар жауып, жердің тоңы жібімей тұр.

Белгілі болғандай, жазықтағы өзендерде ылғал қоры біркелкі мөлшерде таралмай жатыр.

Мәселен, Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы Нұра және Шерубайнұра өзен алаптарында ылғал 27 және 52%-ға азайса, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Есіл өзені алабына келіп кұятын Қалқұтан өзені алабында 12%-ға төмендеген. Ал Жабай, Сілеті, Шағалалы өзен алаптарында және Сергеев су қоймасына дейінгі аралықта тиісінше 28-ден 60%-ға дейін ұлғайған.

«Ақтөбе облысындағы Ілек және Қарғалы өзен алаптарында ылғал қоры 4 және 15%-ға ұлғайды. Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау өзен алабында орташа көпжылдық көрсеткіштердің шегінде, Шежін-2 өзен алабында 28%-ға азайды. Деркөл және Шаған өзен алаптарында 67 және 41%-ға ұлғайды. Қостанай облысындағы Жоғарғы Тобыл су қоймасынан жоғары жатқан өзен алаптарында 16%-ға, ал Қаратомар су қоймасына келіп құятын торабы алабында 51%-ға азайды», – деді Серік Саиров.

Таулы өзендер алаптарындағы жағдайға тоқталатын болсақ, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы Ертістің оң жағалауындағы өзен алаптарындағы су көлемі орташа көпжылдық көрсеткіштерден 69%-ға, Бұқтырма су қоймасы аймағында 100%-ға, Ертістің сол жағалауындағы өзен алаптарында 41%-ға жоғары, ал Тарбағатай жотасының оңтүстік-батыс беткейіндегі өзен алаптарында орташа жылдық көрсеткіштердің шамасында тұр.

«Қазгидромет» мамандарының болжамы бойынша, наурыз айының соңына қарай күн жылынып, сәйкесінше қардың қарқынды еруі су басу қаупін тудырады. Бұл ретте, Ресей Федерациясымен шекаралас аймақтарға, атап айтқанда Жайық өзені мен оның салалары және Тобылдың алаптарына ерекше назар аудару қажет. 

Росгидрометтің мәліметі бойынша, бүгінде жиналған қар көлемі салдарынан Орынбор және Челябі облыстарында, сондай-ақ Башқұртстан Республикасында қолайсыз су тасқыны жағдайы қалыптасып отыр.

Соңғы жаңалықтар