Гидротехникалық нысанға бөлінген қаржыны жымқырғандар әлі қамауға алынбады — агенттік

жемқорлық
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов су тасқынына қарсы жұмыстарға бөлінген қаражат қай кезде жымқырылғаны туралы түсінік берді.

«Біздің ведомство гидротехникалық құрылыстарды салуға бөлінген бюджеттік қаражатқа қатысты 4 қылмыстық істі тіркеді. Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Алматыда осы істер тергеліп жатыр. Бұл қылмыстық істердің басым бөлігі бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша қозғалған. Бір жағдайда арнайы осы бөгеттерді күтіп ұстаудағы заңсыз әрекеттер себеп болды. Осы істер бойынша 1 млрд теңге шамасында залал келтірілгені анықталды», — деді Ж. Елемесов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұл заңсыз әрекеттер өткен жылдары жасалған. Бұл қаржы гидрологиялық нысандарды күтіп ұстауға бірнеше жыл бұрын қарастырылған еді.

«Осы қаражат биылғы көктемтегі су тасқынына қарсы бөлінген 140 млдр теңгеге қатысы жоқ. Қазір игеріліп жатқан осы қаражаттың мақсатты жұмсалуына мониторинг жасаймыз, яғни заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоямыз», — деді агенттік өкілі.

Сонымен қатар ол Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Алматыда 1 млрд теңгені жымқыру оқиғасы бойынша күдіктілер анықталғанын айтты.

«Күдікке ілінгендер арасында тиісті тендерлерді алған кәсіпкерлер де, сондай-ақ орындалған жұмыстардың актісіне қол қойған лауазым иелері де бар. Қазір олар тұтқынға алынбады. Себебі су тасқыны аталған өңірлерде әлі де болып жатқандықтан, кейбір адамдар су басқан жерлерлерде қызметін атқарып жатыр. Қазір тек қылмыстық істерді тіркедік және тергеу процесі жүріп жатыр», — деді Жеңіс Елемесов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаржылық мониторинг агенттігі гидротехникалық нысандарды салуға бөлінген қаражаттың жұмсалуын тексереді. Қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облыстарында жымқыру белгілері бойынша 4 іс қозғады. 5 адам күдікті деп танылды. Залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты. 

Соңғы жаңалықтар