Ғылым мен бизнес серіктестігі: Жобаларды сатудан 65,3 млрд теңге түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым мен бизнестің серіктестігі нәтижесінде жүзеге асқан жобаларды сатудан 65,3 млрд теңге қаржы түсті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен мәлім етті.
- «Ғылым қоры» АҚ қолдау көрсететін жобаларды коммерцияландырудың негізгі ерекшелігі мен міндетті шарты – ғылым мен бизнестің серіктестігі, сондай-ақ жеке инвесторлар тарапынан міндетті түрде қоса қаржыландырудың болуы. Қолдау тапқан жобалардың еліміздің ғылыми-техникалық дамуына қосқан жиынтық үлесі 147,2 млрд теңгені (сату көлемін, тартылған қоса қаржыландыруды, салық аударымдарын және негізгі құралдарды сатып алуды қоса алғанда) құрайды, - делінген министрліктің агенттік сауалына берген жауабында.
Ведомство мәліметінше, салық түсімдері түрінде бюджетке 13,5 млрд теңге төленді. Тартылған жеке қаржыландыру көлемі шамамен 28,2 млрд теңге болды.
- Жобаларды іске асыру аясында 2,4 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Сатудан түскен табыс 65,3 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде экспортталған өнім көлемі 1,6 млрд теңгені құрады. 40,1 млрд теңге сомасына негізгі құралдар сатып алынды. Бизнес өкілдері тек қаржылық қаражатпен ғана қатысып қоймай, ғылыми әзірлемелерді нарыққа шығару үшін өздерінің өндірістік базаларын, зертханалары мен дистрибьюторлық желілерін де ұсынады, - деп нақтылайды Ғылым министрлігі.
Бұған дейін қазақ ғалымдарының әзірлемелері шетелдерде сұранысқа ие болғанын жазған едік.