Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ғылым министр қатерлі ісікке қарсы отандық дәріні тіркеуге қатысты түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір қатерлі ісікке қарсы отандық дәрінің дозировкасы айқындалып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.

Саясат Нұрбек
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

- Клиникалық сынақтардың екінші кезеңі Астанада жалғасып жатыр. Онкологиялық орталықта препараттың дозировкасы айқындалып жатыр, яғни ағзаның осы дозировкаға рекациясы зерттеледі. Жыл соңына дейін осыны аяқтап, дәрілік затты алдын ала тіркеуге өтінім беруге тырысамыз, - деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, препаратты тіркеуге қатысты арнайы рәсім бар. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық орталық барынша қолдау көрсетіп отыр.

- Олар клиникалық зерттеулердің екінші кезеңі бойынша расталған нәтижелерді күтіп отыр. Деректерді растап, жүйеге енгізгеннен кейін және олар тиісті тексеруден өткен соң, препаратты тіркеуге қатысты өтінім беруді бастаймыз. Атап айтқанда, қазір соңғы кезеңнің алдындағы сатыда тұрмыз, - деді министр.

Осы орайда тілшілер аталған дәрі қашан пайда болатынын сұрады.

- Келер жылға жоспарланып отыр. Себебі жыл соңына дейін тиісті рәсімдерді аяқтауымыз қажет. Денсаулық сақтау министрлігімен жұмыстарды пысықтауымыз шарт, - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы дәрі клиникалық сынақтың екінші кезеңіне өткенін жазған едік.