Ғылым министрлігі мен KAZ Minerals Астанада ғылыми-инновациялық Хакатон өткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін дамытуға арналған ғылыми-инновациялық Хакатон өтті. Еліміздегі ғылыми институттар мен университеттерден келген 70-тен астам ғалымдар және KAZ Minerals Тобының өкілдері өндіріс үшін маңызды міндеттемелердің шешімін табу және салаға жаңа технологияларды енгізу үшін бас қосты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Хакатонның өткізілуіне Ғылым және жоғары білім министрлігі мен KAZ Minerals Тобы бастамашы болды. Саясат Нұрбек Хакатонның басты мақсаты — өндірісті жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, қосымша құн тізбегі деп аталатын жүйені құру екеніне тоқталды.
— Үстіміздегі жылы біз ғылым мен технологиялық саясат туралы түбегейлі жаңа заң қабылдадық, соған сай ғылымды басқару үлгісі де өзгереді. Бұрын ғылыми-техникалық міндеттемелерді зерттеу институттарынан алып келсек, енді тақырыптар ірі өндірістік компаниялармен бірлесе отырып тұжырымдалады. Біз барлық салалық институттар мен ғылыми ұжымдарды өндіріс орындарына алып барып, сол жерде толыққанды сараптама жүргізу және барлық өндіріс нысандарын зерттеу арқылы ғылыми шешімді қажет ететін мәселелерді анықтаймыз, — деп мәлімдеді Саясат Нұрбек.
KAZ Minerals Management Басқарма Төрағасы Эльдар Мамедов Ғылым министрлігі және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастық өндірістің барлық кезеңдерінде технологиялық жетілдіру және жұмыс процесін оңтайландыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
— Өндіріске ғылыми әдістемелерді енгізу тиімділікті арттырып, шығын көлемін азайтып қана қоймайды, ол өндіріс көлемін арттырып, қауіпсіздіктің жоғары стандарттарын сақтауға септігін тигізеді. Біздің Топ үшін ғылыми қауымдастықпен ынтымақтастық — осы саланың жалпы дамуына үлес қосу тұрғысында маңызды, себебі ғылыми ұстаным тұрақты және экологиялық жағынан тиімді әдістерді қолдануға мүмкіндік береді, — дейді Эльдар Мамедов.
Хакатон барысында қатысушылар геологиялық барлау, кен байыту, экология, қауіпсіздік техникасы және өндірістік процестерді жетілдіруге бағытталған мониторинг жүйесіне қатысты зерттеулерімен таныстырды. Жиын соңында KAZ Minerals Тобы үшін басым ТОП-5 жоба іріктеліп алынды.
Ғылыми-инновациялық жиын қарсаңында ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки және еліміздегі жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының бір топ ғалымдары Бозшакөлдегі өндіріс кешенінде мыс өндірісінің барлық кезеңі – карьерден дайын концентрат алғанға дейінгі жұмыс барысымен танысқан болатын.