Ғылым шаруаға келді: Қазақстанда топырақты пестицидтерден тазартудың жаңа технологиясы қолға алынды

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

АЛМАТЫ.KAZINFORM - Қазақстандық шаруалар жыл сайын егін сапасына кері әсер ететін зиянкестер мен ауруларға байланысты проблемаларға тап болады. Зиянкестермен күресу бойынша білім мен дағдылардың жеткіліксіздігі салдарынан пестицидтерді де дұрыс пайдалана алмай жатады. Нәтижиесінде, химиялық дәрілер адам денсаулығына және қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін. Осы химиялық заттарды қолдануды барынша азайту үшін ФАО-ның жетекшілігімен ғалымдар био және фиторемедикацияның экономикалық қолжетімді, экологиялық таза және қарапайым технологиясын қолдана бастады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл тәжірбие тұрақты органикалық ластаушы заттар (ТОЛ) мен ауыр металдардың деңгейін төмендетуге көмектеседі. Кazinform агенттігінің тілшілері шетелдік және отандық ғалымдармен бірге Алматы облысындағы алма бақтарының бірінде болды, онда ФАО ұсынған экологиялық таза кешенді өсімдіктерді қорғау әдісін қолдану арқылы зиянкестермен күресу тәсілінің нәтижелері көрсетілді.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

Қазақстанда кеңес кезінен қалған ескі пестицидтер мәселесі әлі де өзекті. Осы химиялық заттардың нақты мөлшерін анықтау мақсатында ФАО-ның «Орталық Азия және Түркия елдерінде пестицидтердің өмірлік циклін басқару және оларды жою» жобасы аясында былтыр Экология министрлігінің мамандары елде түгендеу жүргізді және ластанған аумақтарға экологиялық баға берді.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

«Біз жарамдылық мерзімі өтіп кеткен пестицидтерге ұлттық инвентаризация жасадық. Ластанған учаскені қалпына келтіру сынақтары аяқталды және ең қолайлы микроорганизмдер мен фиторемедианттар анықталды. Бұл тың тәсілдері 2024 жылы алқаптарға жүргізетін сынақ үшін қолданылады. Бұл жұмыстың Қазақстан үшін маңызы зор, өйткені біздің елімізде ластанған жерлер өте көп, ал ондағы қауіптерді азайту экологиялық таза және тиімді жолдарын табу халықтың денсаулығы үшін өте маңызды», - деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

ФАО-ның пестицидтерді басқару жөніндегі аға техникалық кеңесшісі Стефан Робинсон ауылшаруашылық топырақтарының ластану проблемасы аграрлық елдер, соның ішінде Орталық Азия аймағы үшін өзекті екенін айтты.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

ФАО бүкіл әлемде, сондай-ақ Қазақстаның ауыл шаруашылығына техникалық және сараптамалық қолдау көрсетеді.

«Орталық Азия елдеріндегі түйінді мәселердің бірі – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қалған химиялық дәрі. Өздеріңіз білетіндей, ауыл шаруашылығы мен экспортты тиімді дамыту үшін ескі пестицидтері жойып, таза топыраққа заманауи тәсілдерді енгізу қажет. Әрине, миллиондаған гектар жерді тазарту соншалықты оңай шаруа емес. Сонымен қатар, мұндай пестицидтерді жағу өте қымбат әдіс. Сондықтан бүгін біз әлемде бар және алдағы 10-15 жылда қазақстандық фермерлер қолдана алатын балама қолжетімді әдістерді талқылап жатырмыз», - деді Стефан Робинсон.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

Қазақстан мен Қырғызстанда ФАО-ның бақылауымен тұрақты органикалық ластаушы заттардың (ТОЛ) және ауыр металдардың деңгейін төмендетуге көмектесетін экономикалық қолжетімді, экологиялық таза және қолдануға оңай био және фиторемедиация технологиясы сынақтан өтіп жатыр.

«Биоремедиация - бұл топырақта өмір сүретін микроорганизмдерді пайдалану, олар үшін пестицидтер у емес, азық. Пестицидтермен қоректенетін микроорганизмдер химиялық дәріні алты айдың ішінде 99%-ға дейін «бейтараптай алады». Екінші әдіс - өсімдіктерді қолданатын фиторемедиация. Әрине, бұл биотехнологиялар агрессивті химиялық әдістерге қарағанда көбірек уақытты қажет етеді, бірақ олар бүкіл әлемде қол жетімді және қолданыста бар дүние», - деп түсіндірді Стефан Робинсон.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қалдықтарды басқару департаментінің өндірістік қалдықтар басқармасының бастығы Әсел Қасенова ауыл шаруашылық саласының белсенді дамуына байланысты пестицидтердің импорты артып отырғанын айтты. Бұл өндірушіден кәдеге жаратуға дейінгі барлық кезеңдердегі бақылауды одан әрі жетілдіруді талап етеді.

«Негізінен хлорорганикалық қосынды импортталады. Бұл заттардың жарамдылық мерзімі өткенде, егер олар дұрыс пайдаланылмаса және сақталмаса, зақымдалған қаптамада болса, олар қоршаған ортаға және одан кейінгі адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Осыған байланысты ФАО жобалары мен ұсыныстары біз үшін өзекті», - деп атап өтті Әсел Қасенова.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

Айтуынша, Қазақстанда ескірген 6 мың тоннадан астам пестицид бар. Анықталған ескірген пестицидтер жойылады. Сонымен қатар, топырақтағы зиянды қалдықтарды шығаруда назардан тыс қалмайды. Бұл жұмыстарға қаражат министрлік немесе жергілікті әкімдік бюджетінен бөлінеді

Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының Басқарма төрағасы Бақытжан Дүйсембеков, соңғы жылдары жеміс-жидектердің бактериялық күйік ауруына жиі шалдығып жатқанын жеткізді. Бұл жеміс-жидекке қауіп төндіретін ауруларының бірі. 

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

Бактериялық күйік барлық жеміс дақылдарына, әсіресе алма мен алмұрт ағаштарына кері әсер етеді.

«Бактериялық күйік негізінен жасырын түрде болады, яғни фермерлер бұл ауруды ешбір жолмен анықтай алмайды. Ол қолайлы ауа райы жағдайында тез дами бастайды. Сондықтан дәл диагноз қажет. Ал ол үшін тың әдістерді қолдану қажет. Бұл ретте біздің институтта заманауи аспаптар мен жабдықтар, сондай-ақ молекулярлық-генетикалық әдістер қолданылатын аккредиттелген зертхана жұмыс істейді. Оған қоса, бізде жылжымалы автозертхана бар, яғни ғылым шаруаға өзі барады. Бұл қалай жұмыс істейді? Қандай да бір мәселе туындаса, шаруа бізге телефон соғады, мамандарымыз зертханасы бар арнайы көлікпен учаскеге шығып, бір жарым сағаттың ішінде егістікте диагностика жүргізеді. Бактерияларды анықтағаннан кейін мамандар күресудің кәсіби жолдарын ұсынады», - дейді ол.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

Оның айтуынша, пестицидтер ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданылады. Дегенмен, барлық шаруалар қажетті сақтық шараларын біле бермейді. Сондықтан пестицидтермен улану жағдайлары кездеседі.

«Қазір әлем ғалымдары пестицидтердің кері әсерін зерттеп, көтеріп жатыр. Егер оны ретсіз пайдаланатын болса, технологиясын сақтамайтын болса, онда ол қоршаған ортаға ғана зиян келтірмейді, ол азық-түлік арқылы адам денсаулығын құртады. Осы препараттардың кері әсерінен жылына әлемде 15 мыңға жуық адам суицид жасайды екен. Өкінішке, орай мұндай қайғылы жағдай біздің елде де кездеседі», — дейді ол.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

Жалпы, ғалымның айтуынша, Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер тізімінде аса қауіптісі де бар. 

«Бұл заттарды реттеу керек. Ғалымдардың ендігі міндеті – осы препараттарды бірте-бірте жойып, оның орнына адам мен фаунаға зиянсыз жаңа заманауи заттарды ұсыну. Қазірдің өзінде ұсыныстар бар. Балама ретінде біз биологиялық препараттарды қолданамыз, біздің институт пестицидтерді оңай алмастыратын пайдалы жәндіктерді жаппай өсірумен де айналысады», - деп қосты ол.

Зиянкестермен күресудің кешенді тәсілін тәжірбиеде сынап көру үшін ғалымдар алма, қызанақ және қырыққабатты таңдады. Сынақты Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылындағы шаруа қожалықтың алма бағында жүргізді.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

«Мен 30 жылдан бері алма өсірумен айналысып келемін. Осыдан 20 жыл бұрын ғылымға, дәлірек айтсақ, Ж.Жиембаев атындағы өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының мамандарына жүгіндім. Содан бері ғалымдармен бірге түрлі зерттеулер жүргізіп келеміз. Біз ФАО-мен жобаны 2023 жылы бастадық. Біз пестицидтерді қолдануды барынша азайтқымыз келеді, сондықтан БҰҰ жобасы аясында өткен жылы химиялық заттарды қолданбай биологиялық өнімдерді пайдалана бастадық. Бүгін біз өте жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Біз тек бактерияларды қолдандық, топырақтың микрофлорасын, сондай-ақ бақшаның микроклиматын жақсарттық, бақшада тірі бактерияларды қолдандық. Соның нәтижесінде мол өнімге қол жеткіздік. Гектарынан 20-25 тонна алма алдық. Жемістің дәмі мен көлемі де жақсарды. Ең бастысы, алма ағашының иммунитетін көтердік», – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантині ғылыми-зерттеу институтының өсімдіктер карантині бөлімінің меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Жанна Исина алма бағының иммундық жүйесінің нығаюына ықпал еткендердің бірі.

Ғылым Ауыл шаруашылығы
Фото: Kazinform / Александр Павский

«Фермерлер тәуелді болған өте улы қауіпті пестицидтерді қолдану жеміс ағаштарының иммунитетін төмендетеді. Бақша - бұл зиянкестер мен аурулардың жақсы көретін мекені. Сондықтан бұл жерде ең үлкен мәселе - ағаш иммунитетінің төмендеуі. Иммунитетті сақтау үшін заманауи биологиялық иммуномодуляторлар мен биопестицидтерді қолданған жөн», - дейді ол.

Оның айтуынша, бақшадағы ең маңызды жұмыс көктемде басталады. Алдымен шаруалар ағаштарды кеседі, тазалайды содан кейін зиянкестерді жою үшін діңдерді әктейді.

Бақшаны зиянкестер мен аурулардан емдеу де агродрон арқылы жүзеге асырылады. Шағын квадрокоптердің көмегімен шаруалар алқаптың жай-күйін анықтай алады, топыраққа сараптамасын жасай алады, бақшаны зиянкестер мен ауруларға қарсы дәрі шашып, су құя алады. Мұндай дрон 12 сағатта 150 гектар жерді қамти алады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қаңтарында Римде ФАО бас директоры Цю Донгюмен кездесуінде Қазақстанда Орталық Азия үшін ФАО-ның субөңірлік кеңсесін құруды ұсынған болатын

Соңғы жаңалықтар