Ғылымға инвестиция салғандарға 150 пайызға дейін салық жеңілдігі беріледі - министр

Ғылымға инвестиция салған жеке инвесторларға 150 пайызға дейін салық жеңілдігі беріледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Kazinform.

саясат нұрбек
Фото: gov.kz

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобамыздың үлкен бір тармағы салық, инвестициялық, бюджеттік жеңілдіктер арқылы жекеменшік секторды ғылым, инновациялар және технологияларды қаржыландыруға тарту, ынталандыруға бағытталған. Дүниежүзілік тәжірибені қарасақ, ғылымға ең көп инвестиция жеке сектордан келеді. Бізде 72 пайызы мемлекеттен бюджеттен, қалған 30 пайыз шамасында жеке сектордан салынады», - деді министр Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында.

Осы орайда министр жеке секторды ғылымға инвестиция салуға қызықтыру қажеттігін айтады.

«Қызықпаса да қызықтыру керек. Дүниежүзіндегі ең мықты тетік – салық жеңілдіктері. Мәселен, Израильде жеке компания ғылымға, инновациялық өндіріске инвестиция салса немесе өзінің ішкі өндірістік процесіне ғылымға негізделген үрдістерді енгізсе, онда 250 пайызға дейін салық жеңілдіктерін алады. Яғни, сол инвестициядан 100 пайыз салық төлемейді. Инвестиция арқылы шығарылған өнімге 100 пайыз салық төлемейді. Инновациялық өнімнен алынған патентке, қызметтерге 50 пайызға дейін салықтан босатылады», - деді ол.

Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде де Үкімет басшысы, Қаржы министрлігі осындай тәсілге қолдау білдіріп отыр.

«Салыққа келгенде мемлекет әр уақытта да оны бергісі келмейді. Бірақ, көндірдік. Алғаш рет 150 пайызға дейін жеңілдік береді. Яғни, жекеменшік компания келіп, біздің ғылыми-зерттеу институтымен, жоғары оқу орнымен, кез келген ғалыммен келісімшартқа отырып немесе сол ғалыммен бірлесіп, инновацияға, ғылымға инвестиция салса, онда сол инвестициядан 100 пайыз салық төлемейді. Сонымен қатар сол инвестиция арқылы шығарылған ғылыми өнімдерге де 50 пайыз жеңілдік жасалады. Демек, бизнесті бір ғана жолмен ынталандыруға болады. Ол – салық жеңілдігі», - деді министр.

Оның атап өтуінше, мұндай жеңілдік республикалық комиссия тарапынан қолдау тапты. Жаңадан әзірленіп жатқан салық кодексіне де енгізілді. 

«Бұл заң («Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң) келесі жылдың сәуір айында қабылданады деп күтіп отырмыз. 2024 жылдан бастап жаңа тетіктер жұмыс істей бастайды», - деді Саясат Нұрбек.